Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақылды тақия инсульттен сақтайды

  • AstanaTV
  • 19 қазан 2023
  • 931

Жыл сайын әлемде миллиондаған адам инсульттен зардап шегеді. Инсульт ұйыған қан мидың қан тамырларын бітеп тастауынан пайда болады. Ақылды тақия жасалды.

Әлемдегі қауіпті неврологиялық аурудың түрі инсульт екені белгілі. Оның алдын алу науқастың өмірін сақтайды. Голландиялық ғалымдар ойлап тапқан сенсор туралы medicalxpress.com сайты арнайы материал жариялады. Aikyn.kz сол мақалаға сілтеме жасай отырып, жаңа сенсорлы тақияның жұмыс істеу принципімен таныстырады.

Жыл сайын бүкіл әлемде миллиондаған адам инсульттен зардап шегеді. Инсульттің ишемиялық түрі ұйыған қан мидың қан тамырларын бітеп тастаған кезде пайда болады.

Салдарынан мидың бір бөлігіне қан бармайды немесе жеткіліксіз болады. Инсульттен болатын мүгедектіктің немесе өлімнің алдын алуда дер кезінде жүргізілген емдеу маңызды.

29 қазан – Бүкіләлемдік инсультпен күрес күні деп жарияланған. Қазақ елінде жылына 40 мың адам инсульт алып, оның 5 мыңы алғашқы он күнде қайтыс болады, 24 мыңы мүгедек болып қалады.

Бұл – өте ауыр статистика. Сондықтан голландиялық ғалымдардың ақылды тақиясын еліміздің денсаулық сақтау ұйымдары да сатып алып қолданса, қаншама адамның өмірін сақтап, мүгедектіктің алдын алуға болар еді.

Голландиялық ғалымдар ойлап тапқан арнайы сенсор инсультті жедел жәрдем көлігінде анықтауға және пациентке тиісті емді жылдам қабылдауға мүмкіндік береді.

Сенсорлы тақияны ойлап тапқан Амстердамның UMC невропатологі Джонатан Коутиньо былай дейді: «Біздің зерттеулеріміз ми толқындарын анықтайтын тақия ауыр ишемиялық инсульт алған науқастарды үлкен дәлдікпен анықтауға болатынын көрсетеді. Бұл өте жақсы жаңалық, өйткені тақия науқастарды тікелей ауруханаға жеткізу арқылы олардың өмірін сақтап қалуы мүмкін».

2018 және 2022 жылдар аралығында ақылды тақияның көмегімен 400-ге жуық пациенттің деректері жиналып, 12 голландиялық жедел жәрдем көлігінде сынақтан өтті. Зерттеу көрсеткендей, ми толқынының зерттеу тақиясы ауыр ишемиялық инсульт алған науқастарды үлкен дәлдікпен анықтайды.

Ми толқындарына талдау жасау арқылы дәрігерлер ишемиялық инсульттің бар-жоғын және мидағы бітеліп қалған қан тамырлардың үлкен немесе кішкентай екенін біле алады. Осылайша, ауруды емдеу тәсілдері жылдам таңдалады: кішігірім ишемиялық инсульт үшін науқас қанды сұйылтатын дәрі қабылдайды, бірақ үлкен ишемиялық инсульт кезінде тромб мамандандырылған ауруханада механикалық жолмен алып тасталады.