Астанада үш адамды алапат өрттен аман алып қалып, бірақ өзі көз жұмған өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналған ескерткіш қойылды. Мемориал құтқарушының өзі жұмыс істеген №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімде орналасқан. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаcы негізінде жүзеге асқан. Ашылу салтанатына Асқардың әріптестері және отбасы қатысты. Жиналағандар батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.
Елдар ЗАБИКУЛИН, А. ЗАБИКУЛИННІҢ АҒАСЫ:
Бүкіл жарыстарға қатысып, бірінші тұратын сапта. Облыстан да, аудан бойынша да бірінші орындарға жүлделі болатын. Сол арманы орындалды. КТИ-ға түсіп, оқуын бітіріп, Астанаға келіп жұмысқа түсті. Алланың ісі ғой барлығы. Жатқан жері жарық болсын, топырағы торқа болсын.
Бұған дейін өрт сөндірушінің аты Үркер елдімекеніндегі көшеге берілген. Қаладағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі де Асқар Забикулиннің есімімен аталады. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен "Астана" телеарнасының тапсырысы бойынша "Қаһарман" телехикаясы түсірілді. Ал бүгін ашылған мүсіннің авторлары – Тимур Ермұғамбетов пен Айдос Бүркітбаев. Қоладан құйылған еңселі ескерткіштің биіктігі 3 метрден асады. Таза қола мен граниттан құйылған.
Айдос БҮРКІТБАЕВ, МҮСІНШІ:
Асқар Забикулиннің жұмысына келген кезде бізде қиыншылық туындамады. Керісінше тез-тез болып, оңай жасалды деп айта аламын. Жұмысты жасап жатқан кезде Асқар Забикулиннің пожарныйға келіп, достарымен сөйлестік, суреттерін берді. Асқардың әйелі де айтты, көзі осылай деп. Ақылдасып жасадық.