Қазақстанның Шыңжаңмен тауар айналымы биылғы жартыжылдықта 87 процентке өсіп, 8,5 миллиард долларға жетті. Бұл – сауда-саттықтағы олардың үлесі 40 пайыздан асады деген сөз. Мұны Президент Қытайға ресми сапары аясында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен өткен кездесуде айтты. Үрімжіде өткен жиында тағы қандай өзекті мәселелер талқыланды? Аружан Задабектің бейнематериалы.
Қазақстан Шыңжаңға тасымалдайтын өнім түрлерін ұлғайтады. Әсіресе металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, тамақ өнімдері мен құрылыс материалдарын экспорттауға дайын. Еліміз осы арқылы Қытай нарығына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізбек.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстанның Шыңжаңмен өзара сауда-саттық мәселесінде өңірлік ынтымақтастықтың қолданыстағы механизмдерінің мәні зор. Менің ойымша, оларды дұрыс пайдалана білсек, айтарлықтай ілгерілеуге болады. Агроөнеркәсіп және азық-түлік секторындағы ықпалдастыққа келер болсақ, бұл бағыттағы әлеуетіміз зор.
Еліміздің төрт облысы Шыңжаң өлкесімен тығыз байланыста. Сондықтан Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін салу керек. Бұдан бөлек, су саласындағы ынтымақтастықты дамытудың және трансшекаралық өзендерді пайдаланудың маңызы зор. Президент кездесуде туризм саласына да ерекше мән беру керегін айтты. Қытайда келер жыл қазақ туризмінің жылы болып жарияланды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Туризм саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. Қазақстанның бұл бағыттағы мол әлеуетін ескере отырып, жақында Туризм және спорт министрлігін құрдым. Біз Қазақстанға саяхаттайтын қытайлық туристер саны артады деп үміттенеміз. Үкіметіміз елдегі туризм саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды.
Президент Қазақстан мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының тарихи-мәдени, гуманитарлық байланыстарының мәні мен маңызына тоқталды.
Шыңжаң ежелден өзінің жоғары мәдениетімен әйгілі. Жергілікті шығармашылық ұжымдар халықаралық дәрежеде мойындалған. Біз мәдени-рухани байланыстардың жан-жақты дамуына, екі ел өнерпаздарының бір-біріне гастрольдік сапарлар ұйымдастыруына қолдау көрсетеміз. Бұл тату көршілік және достық қатынастардың нығаюына оң ықпал ететіні сөзсіз.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасының келіссөздері екі ел үшін де маңызды екенін айтты. «Бір белдеу, бір жол» форумында көтерілген бастамаларды бірігіп орындауға шақырды.
Ма СИНЖУЙ, ШЫҢЖАҢ-ҰЙҒЫР АВТОНОМИЯЛЫҚ АУДАНЫ ПАРТИЯ КОМИТЕТІНІҢ ХАТШЫСЫ:
Біз ауыл шаруашылығы, трансшекаралық сауда, энергетика салаларына баса мән бере отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтамыз. Сонымен қатар ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және кәсіпорындар арасындағы қарым-қатынасты жолға қоямыз. Қазақстанға немесе Шыңжаң өлкесіне инвестиция құйып, бизнес ашуды көздейтін бірлескен кәсіпорындарды ынталандырамыз.
Ма Синжуй Қазақстан Президентінің Шыңжаңға сапарын тарихи оқиға ретінде бағалады. Екі ел арасындағы байланысты арттыру маңызды екенін айтты. Аймақаралық ынтымақтастық одан әрі нығая түспек.