Вандализмге жол жоқ! Осындай ұранмен «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық акцияны бастады. Бүгін Бурабайда болып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Жұмбақтас - туризмнің жүрегі. Тұмса табиғатты тамашалауға келетіндердің қарасы қысы-жазы арылған емес. Тасқа қашалып, боялған мына жазулар көркін құртып тұр. Вандализммен күресу оңайға соқпайды. Баршамыз үлес қосуымыз керек. Бүлінген жерді қалыпқа келтіруге бізде атсалыстық.
Жартас жазудан көрінбейді. Түрлі түске бояп тастаған. Еріктілерге өшіру оңайға соқпады. Тіпті сағаттап сүртті, қалпына келтірді. Влонтерлар қоршаған ортаны ластап жатқан жауапсыз адамдармен күш біріктіре отырып күресуге болады дейді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Мұның барлығы табиғаттың бізге берген сыйы. Оған қиянат жасамауымыз керек. Бүлдірген нәрсені қалпына келтіру оңай емес. Сондықтан жанашырлықпен қарайық. Қыдырып келгенде барлығы тап-таза болса жақсы емес пе?
- Өзіміздің ғажап табиғатымызды тазалықта ұстаған дұрыс. Таза болса әдемі көрінеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында ел мен жерге деген жанашырлық – «Адал азамат» тұлғасының ең асыл қасиеттерінің бірі екенін атап өткен еді. Алайда соңғы кездері тарихи ескерткіштер мен табиғи қорықтарда, туристік аймақтарда вандализм деректері жиілеп кетті. Бұл акция – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі ғана емес, жастардың халық игілігін қорғауға қосқан үлесі.
Ақерке ИСКАНДЕРОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республикалық акцияны бастадық. Бұл жерде біз Қазақстанның табиғи мәдени және қасиетті орындарын вандализімнен сақтау, тазалау бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Бұл экологиялық акция бізде Бурабайдан басталды. Жұмбақтас тасында тазалау жұмыстарын жүргізіп, аумақты қоқыстан тазарту жұмысында жүргіздік.
Акцияға 50-ден астам ерікті мен Ақмола облыстық мәдени мұраны қорғау орталығының мамандары қатысты. Олар ұлттық парк аумағын да күл-қоқыстан тазартты.
Жасұлан УКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұндай акцияны қолдаймыз. Өйткені біздің Бурабай жеріміз, Абылайхан алаңы жалпы ұлттық киелі жерлерге енген. Бұл жерді қастерлеуіміз керек. Бұл жерге Қазақстаннан тіпті шетелдерден де зиярат етушілер келеді.
Табиғатты аялап, өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыру «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына кіреді. Осы мақсатта бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Президент тапсырмасымен партияның XXII Съезінде «ТазаLike» экологиялық тәрбие жобасы басталған еді. Жастар қанатының белсенділері жоба аясында ел аумағында мыңға жуық экологиялық акция өткізді. Оған 80 мыңнан астам адам қатысқан.