Астанада Республика күні қарсаңында 200-ден астам мерекелік іс-шара өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлады turkystan.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
«Биыл Республика күнін мерекелеу аясында елордада 200-ден астам мәдени-бұқаралық, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар, оның ішінде мерекелік концерттер, автошерулер, көрмелер, балаларға арналған көрікті жерлерге экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлерінен турнирлер өткізу, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына азық-түлік себетін тарату және басқа да көптеген іс-шаралар жоспарланып отыр», - деді Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.
Іс-шаралар орталық алаңдарда да, ірі объектілерде де, тұрғын үй алаптарының аумағында да, білім беру ұйымдарында және т.б. орындарда өтеді.
Республика күніне орай бірқатар ірі спорттық іс-шараларды өткізу жоспарланған. Оның ішінде 21-22 қазанда конкурдан Қазақстан Республикасының чемпионаты, 23 қазаннан 6 қарашаға дейін жастар мен жасөспірімдер арасындағы бокстан Азия чемпионаты бар. Көрермендер үшін спорт жарыстарына кіру тегін.
Мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Ақерке Жұманбаева елордада жоспарланған мәдени іс-шаралар туралы айтып берді.
23 қазан күні Астанадағы М.Горький атындағы орыс драма театры «Әлия» драмасымен театр маусымын ашады деп жоспарланып отыр.
24 қазан сағат 18:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт өтеді.
24 қазан «Наз» мемлекеттік би театрының «Республикам Қазақстан» атты мерекелік концерті өтеді. Басталуы 19:00-де.
Сонымен қатар, 24 қазан күні «Барыс Аренада» сағат 20.00-де қазақ елінің атын әлемге танытып жүрген, бірдей үш әуеннің басын қосып, күйдің құдіретін әлемге сезіндірген «Ұлытау» тобының 25 жылдығына орай концерт өтеді.
Осы күндері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, Астана қаласының 5 ауданының шет аймақтарындағы тұрғын алаптарында мерекелік концерттер өткізіледі.
Нақтырақ айтсақ:
«Көктал» саябағы, басталуы 15:00;
Бараев тұрғын алабы, басталуы 15:00;
Интернациональный тұрғын алабы, басталуы 15:00;
Пригородный тұрғын алабы, басталуы 12:00;
Жағалау тұрғын алабы, басталуы 12:00.