Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да дәмханалардың бірінде шыққан өрт салдарынан бес адам ауруханаға түсті

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2023
  • 719

 Батыс Қазақстан облысы Зашаған ауылындағы дәмханалардың бірінде өрт шықты. Оқыс оқиға салдарынан бес адам зардап шекті, деп хабарлайды "Мой город" порталы.

Порталдың облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, өрт кеше, 21 қазан күні сағат 22:00-де Мөңкеұлы көшесінде орналасқан дәмхананың банкет залында болған.

Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, мекеменің ас әзірлеу бөлмесінде ас үй құрылғылары мен бензин генераторы өртенген. Өрт аумағы 20 шаршы метрді құрады. Аталған жайт салдарынан бес адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өртті сағат 22:46-да сөндірді. Оқиға орнына 49 өрт сөндіруші мен 15 техника жұмылдырылған.

Кейін mgorod.kz.zko Instagram желісіндегі парақшада облыстық көп бейінді балалар ауруханасына жеңіл деңгейдегі көмірқышқыл газынан улану белгілерімен 17 жастағы үш жасөспірім жеткізілгені туралы ақпарат пайда болды.

Дәрігерлер жасөспірімдерді тексеріп, амбулаторлық емдеуге жіберді. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметіне сілтеме жасаған "Мой город" порталының мәліметіне сүйенсек, қалалық көп бейінді аурухананың жансақтау бөлімінде 25 пен 46 жастағы екі ер адам ауыр халде жатыр.