Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жігіттер жыларман күйде отыр»: эмоцияға берілген «Жетісу» ФК бапкері баспасөз мәслихатын аяқтамай кетті

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2023
  • 758

«Жетісу» футбол клубының бас бапкері Асқар Қожабергенов елордалық «Астанамен» өткен сырт алаңдағы ойын нәтижесіне қатысты эмоциямен жауап берді. Жаттықтырушының бұл сәтін Kommentator Maulen WhatsApp-арнасы таратты,- деп хабарлады Halyq Uni. 

Ойынның бітуіне 30 секунд қалғанда гол жіберіп алған соң бірдеңе деу өте қиын. Жігіттер бар күшін сарықты, қазір жыларман күйде отыр. Ешқандай эмоция қалмады. Ойынға 7 минут қосу қаншалықты дұрыс болғанын білмеймін. Бұл – төрешінің шешімі. Басқа айтарым жоқ, – деді ол ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Одан өзге ештеңе айтпастан орнынан тұрып, кетіп қалды. Журналистердің «Жетісу» ойыншысы Нұрбол Нұрбергенге қатысты сұрағына да эмоциямен жауап берді.

Бұл сұрақ та төрешіге қатысты. Өткен ойынды басқарған төрешілер оны (Нұрбол Нұрбергенді, - ред.) құлатқанда пенальти болғанын мойындайды. Ал төреші оған симуляция үшін сары қағаз көрсетеді. Қақпашымен бетпе-бет шығып тұрғанда, гол соғатын мүмкіндігі туғанда не үшін симуляция жасауы керек?! Бұл оның төртінші сары қағазы болды, сөйтіп бүгінгі ойынға шықпады, – деді бас бапкер Асқар Қожабергенов.

Айта кетейік, футболдан ел чемпионатының 25-турында «Астана» өз алаңында «Жетісуды» қабылдап, 2:1 есебімен ұтқан еді. Елордалықтар сапынан Тимур Досмағамбетов 30-минутта, қонақтардан Анес Рушевич 50-минутта гол соғып, негізгі уақыт тең аяқталған-ды. Артынан ойынға 7 минут қосылып, 96-минутта Абат Айымбетов «Астананы» алға шығарды.