Ақтауда екі бүлдіршін уланып, көз жұмды. Бірі- екі жарым жаста, екіншісі- небәрі он айлық. Ал олардың туыстары ауруханаға жеткізілді. Қайғылы оқиғаға күдікті ретінде көршісі айыпталуда. Бір күн бұрын ол өз пәтерінде төсек құрттарын улаған. Қазір полицейлер мен санитарлық дәрігерлер жәндіктерді өлтіру үшін қандай зат қолданылғанын анықтап жатыр.
Қайғылы оқиға Ақтаудағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жұма күні кешке тұрғындардың бірі пәтердегі төсек құрттарын улаған. Ол туралы көршілеріне де, пәтер иелері кооперативіне де ескертпепті. Салдарынан жоғарғы қабаттағы пәтерден уланған 7 адам анықталды. Екі бүлдіршін көз жұмған. Тағы екі кәмелетке толмаған бала мен үш ересек адам ауруханаға жеткізілді.
Бибизада ДҮЙСЕНБАЕВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүгін таңертең дәрігерлер қарады. Бала өз бетімен тамақтанып жатыр. Бүгінде жағдайы қалыпты. Бүгінде балалар бөлімінде екі бала бақылауда. Ересектер үйлеріне жіберілді.
Жәндіктерді улайтын дәрі Алматы базарларының бірінен алынған. Аты әлі белгісіз, бірақ пәтердегі ауаның зертханалық нәтижесі бойынша көміртегі тотығы мен аммиак мөлшері шамадан тыс көп болған.
Әсима ЖАРЫЛҒАСОВА, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Зертханалық тексерулердің нәтижелеріне сүйене отырып, мен бұл препарат ауамен әрекеттесу кезінде көміртегі тотығын түзеді және аммиак жоғары концентрацияда түзіледі деп есептеймін. Бұл негізінен жәндіктердің өліміне әкеледі, бірақ іс жүзінде біз адамдардың өлімін тіркеп отырмыз.
Төсек құрттарын улаған әйелге қатысты полиция екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Нұралин БАРЖЫҚОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қылмыстық іс бойынша препаратты анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері тағайындалды. Сараптама қорытындысынан кейін процессуалдық шешім қабылданады.
Күдіктінің кәмелетке толмаған екі баласы бар. Құқық қорғау органдары жақын арада жәндіктерге қарсы дәрілерді анықтау үшін Ақтау базарларын тексермек.