Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресейлік тағы бір теннисші Қазақстан атынан өнер көрсетпек

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2016
  • 2823

Белгілі ресейлік теннисші Александр Бублик жаңа жылдан бастап Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсететін болды. Теннис федерациясы басшысының сөзінше, бұл спортшының өз қалауы. Диас Досқараев біздің құрама атынан өнер көрсеткісі келетін спортшылардың көбейіп келе жатқанын айтады. Алайда, Қазақстан тарапы тек болашағынан үміт күттіретін спортшылармен келіссөз жүргізуге ниетті.

Диас Досқараев, ҚР теннис федерациясының атқарушы директоры:

Бұл жерде қыруар қаржы туралы әңгіме жоқ. Келісімшартта теннисшінің өзге қырлары да есепке алынады. Жарыстарға шақырамыз. Қазақстан үшін қосымша бәсекелестікті арттырады. Тағы бір болашағы бар мықты ойыншы келгенін айтқым келеді. Дэвис кубогы қарсаңында мұның пайдасы тиер деген үміттеміз.

Құраманың жаңа ойыншысы қазір Астанада Ресей туы астындағы соңғы ойындарын өткізуде. Бұл турнир - Президент кубогынан кейінгі екінші орындағы маңызды кездесу. Жүлде қоры 50 мың долларды құрайды. Алайда ойыншылар жүлдеден бұрын, маусымның соңы екенін ескеріп, рейтингтік ұпай жинауға көбірек құлшынған сыңайлы.