Қазақстандық теннисшілер ATP 250 санатындағы екі бірдей турнирдің чемпионы атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Антверпен (Бельгия) ATP 250 турнирінде жеңіске жетті.
Жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингте 38-орында тұрған 19 жастағы франциялық Артюр Фиспен шеберлік байқасты.
Франциялық спортшы жартылай финалда әлемнің 7-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципасты жеңіп кеткен еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте Бублик брейк жасап, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.
Александр екінші сетте де 3:1 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.
Осылайша, Александр Бублик ATP турнирлеріндегі үшінші чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ол былтыр Монпельеде осындай додада үздік шықса, биыл Халле (Германия) ATP 500 турнирінде топ жарған еді.
Қазақстандық тағы бір теннисші Андрей Голубев жұптық сында Стокгольм (Швеция) ATP 250 турнирінің чемпионы атанды.
Қазақстандық теннисші украиналық Денис Молчановпен бірге финалда үндістандық Юки Бхамбри – ұлыбританиялық Джулиан Кэшпен бас жүлдені сарапқа салды.
Қазақстандық-украиналық жұп 7:6 (10:8), 6:2 есебімен жеңіске жетіп, чемпиондық атаққа ие болды.