Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Еңбектің жемісін көрсететін атақ, әсіресе қарапайым мамандарға берілген. Бұл жолы 298 ұстаз бен дәрігер, 259 ауыл шаруашылығы маманы, 119 еңбек ардагері мен өндіріс саласындағы 88 қызметкердің мәртебесі артты.
Бұл мереке – ел дәстүрінің қайта жаңғырып, Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Қазақ «Егемен болмай, ел болмас» дейді. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Мемлекеттің егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты. Халық үшін үлкен маңызға ие мерекемен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақта «Егемен елдің еңсесі биік» деген сөз бар. Азаттықпен бірге ұлттың рухы көтерілді. Халқымыз көптеген табысқа жетті. Тәуелсіздік жылдарын біздің халқымыз абыроймен жүріп өткен дара жол деуге болады. Осы кезеңде біз қуатты әрі жауапты мемлекет ретінде қалыптастық, елдігіміздің тұғырын нығайттық. Көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Көрші елдермен сындарлы келіссөз жүргізіп, шекарамызды біржола шегендедік.
Еліміз соңғы жылдары түбегейлі жаңғырды. Қазақстан бірегей конституциялық реформа жасады. Жалпыұлттық референдумда халқымыз бұл өзгерістерге қолдау білдірді. Мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болды. Қысқа мерзім ішінде Президент, Сенат пен Мәжіліс, барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтті. Ауыл әкімдерінің 60 проценті жаңарды. Конституциялық Сот қайта құрылып, Омбудсмендердің мәртебесі көтерілді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы басталды. Осы жобаның аясында 655 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік нысан салынады, құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, 20 ауданаралық көпбейінді емхана ашылады, ал 12 емхана заман талабына сай жаңарады. Яғни, төрт миллионнан астам ауыл азаматына сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіледі.
Қазақстан әлеуметтік салада да айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Халықтың денсаулығын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлінуде. Нәтижесінде, азаматтардың орташа жасы 74-ке жетті. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Қазір тұрғындардың саны 20 миллионға жуықтайды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. 2026 жылға дейін барлық аймақта жүздеген жаңа мектеп бой көтереді. Ауылдарда 100 спорт орталығы ашылады. Сондай-ақ, 650 мәдениет ошағы салынады және жөнделеді.
Мұндай жетістікке жету үшін талай азаматтың маңдай тері төгілгені анық. Жұдырық жұмылдырып, күн-түн демей еңбек етті.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Қайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек. Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек. Осы орайда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі, ол еліміздің тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді.
Қастерлі мерекеде Отанға деген шынайы сүйіспеншілігі үшін марапат алды. Олардың арасында Дүйсенбек Абдраимов та бар. Ол «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Дүйсенбек АБДРАИМОВ, «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ:
Жамбыл политехникалық колледжінің директорымын. 38 жыл еңбек өтілім бар. Сол колледжі кезінде 18 мұғалімді қабылдап, бүгінгі күні үлкен дәрежеге жеткізген жағдайымыз бар. Бүгін Республика күнімен құттықтаймын. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Жақсылықта бас қосайық.
Қазақта «Еңбегіне қарай – құрметі» деген сөз бар. Еңбегімен дараланып, көпшіліктің құрметіне ие болған азаматтың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетов. Ол мұнай-газ саласында, өндіріс және мемлекеттік қызметте ұзақ жыл бойы табысты қызмет етті. Оның өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ:
Республика күні - халықтың болашаққа сенімін нығайтатын мейрам. Қастерлі тәуелсіздігімізді қорғап, жан-жақты нығайту – бәрімізге ортақ міндет. Өйткені егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру, тіпті, қиын. Бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі.