Павлодарда қазақша өлең шығаратын өзге ұлт өкілі тұрады. Оның аты - Ольга. Бірақ, аты орыс болғанмен, заты қазақ болып кеткен. Кішкентайынан қазақы ауылда өсіп, қазақ мектебіне барды. Қолы қалт етсе, өлең жазатын ақындық қасиеті бар. Қаладағы балабақшалардың бірінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Қазір Ольга балаларды республика күніне орай өтетін шараға дайындап жатыр. Олардың әрқайсысы ел үшін маңызды мерекенің мәні мен маңызын терең түйсінсе екен дейді.
Ольга Алжанова – ұлты орыс болғанымен, жаны қазақ. Өйткені, қазақ жігітке тұрмысқа шыққан. Өзі қаймағы бұзылмаған Баянауылда өскендіктен, қазақ тілін жетік біледі.
Ольга АЛЖАНОВА, МҰҒАЛІМ:
Қазақ тілі қиын тіл емес. Қазақ тілін мен жеңіл меңгердім ойлаймын. Сол сыныптастарыма, достарыма көптен көп рахмет айтамын. Өйткені, олардың арқасында ойнап күліп, осылай қазақ тілін меңгердім деп ойлаймын.
Ольга қазір қаладағы балабақшалардың бірінде дене тәрбиесі бойынша тәлімгерлік етеді. Балалармен қазақша сөйлесіп, қазақ тілінде сабақ өтеді. Шабыты келгенде өлең шығарады.
Ольга АЛЖАНОВА, МҰҒАЛІМ:
Ұлтым орыс болса да, рухым қазақ,
Қазағымның жастық шағын мазалап.
Қазақ тілде емін-еркін сөйлессін,
Осы елде тұратын әр азамат.
Жас ұстаз республика күні қарсаңында балаларға тақпақты мәнерлеп оқуға үйретіп жатыр. Себебі, тәуелсіздіктің бастауы болған ұлттық мерекені ұлықтау -әрбір қазақстандықтың парызы.
Отан - сенің ата-анаң,
Отан - досың бауырың.
Отан - үлкен астана
Отан – аудан, ауылың.
Ольганың анасы да, ағасы да қазақ тілін меңгерген. Достары да қазақ. Енді екі қызына ана тілін үйретіп жүр.