Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте мереке қарсаңында бірқатар азаматтар мемлекеттік марапатқа ие болды

Республика күнін елдегі үшінші мегаполис тұрғындары да кең көлемде тойлауды бастап кетті. Мереке қарсаңында бүгін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, бірқатар азаматтар марапат төрінен көрінді.

Мерекелік салтанатты іс-шара түс ауа «Түркістан» сарайында аталып өтті. Әуелі қала әкімі Ғабит Сыздықбеков барша тұрғындарды еліміздің рухын асқақтатқан, басты құндылықтарымыз – ынтымақ- бірлігімізді арттырған айшықты мерекемен құттықтады.

Ғабит СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, орнықты дамуға бет алған, алдыңғы қатарлы мемлекет болуымыз үшін Президентіміз атап өткендей, «отаншыл, білімпаз, еңбекқор, таза әрі жанашыр» болуға ұмтылуымыз қажет. Өйткені, осы жақсы қасиеттерді бойына жинай білген «Адал азаматтар» Әділетті Қазақстанды құратын болады.

Тәуелсіздігіміздің айшықты мерекесі Республика күніне Шымкент қаласы да жетістіктерімен келіп отыр. Қаланың республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізді. Биылғы жылдың 9 айында Шымкентке 434 миллиард теңге инвестиция тартылып, жыл соңына дейін 722 миллиардқа жетеді деп күтілуде. Салтанатты жиында қаланың түрленіп, экономикасының өркендеуіне түрлі салада үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар арнайы марапатқа ие болды. Қырықтан астам азамат «Парасат», «Барыс», «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдерін омырауына тақты. Бұдан бөлек қаланың «Құрметті азаматы» атағы берілді.

Бауыржан АБДУБАИТОВ, «ОРДАБАСЫ» ФК ПРЕЗИДЕНТІ:

Шынымды айтсам, «Шымкенттің құрметі азаматы» деген атақты маған береді деп ойлағаным жоқ. Жасырмаймын, қай салада еңбек етсек те сый-сиияпатқа, болмаса бірдеңеге ие болу үшін біз қызмет жасамаймыз. Бірақта енді осылай атақ берген екен, әлде де мен қуаныштымын. Мен үшін бұл үлкен абырой. Бұл сенімнен шығып, бұдан былай да еңбек етуге бар күшімді саламын деп ойлаймын.

Ақтай ПІРЛАНОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ:

15 жылдық адал еңбегімді бағалап бүгін мені медальмен марапаттап жатқанына қуаныштымын. Еңбегімді бағалап, мейрам күнге қарсы ..Соған алғысым шексіз. Ұлық ерекше мерекемен құттықтайммын бәріңізді.

Салтанатты шара соңында кеш қонақтары патриоттық бағыттағы көріністерді тамашалап, өнерпаздар көпшілікке ұлттық рухымызды асқақтататын әуендер шеруін тарту етті.