Қызылжарда бір топ бала ауруханадағы науқас пен дәрігерді соққыға жықты. Оқиға облыстық балалар ауруханасында болды. Үш жасөспірім медициналық мекемеге баса көктеп кіріп, өз таныс қызының палатасына өткен. Артынша сол 15 жасар қызды дәлізге алып шығып, ұра бастапты. Сол жерде араша түспекші болған медицина қызметкерлері де зардап шекті. 17 жастағы бұзақы балдақпен соққыға жығып, артынша тапаншамен ұрған.
Нұрлан АЙМАНОВ, СҚО КӨПСАЛАЛЫ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
17 жастағы жігіт қыздың балдағын тартып алып, балалар неврапатологын іш тұсынан ұрған. Кейін тапаншасын алып шығып, барлығын қорқыта бастады. Сосын екі есікті сындырып, қашып кетті. Бұл бала осымен төртінші рет қоқан лоқы көрсетіп отыр. Бірақ қол жұмсағаны алғаш рет.
Тәртіп сақшылары жасөспірімді көп ұзамай ұстады. Тапаншасы ойыншық болып шыққан. Полицейлер дереу іс қозғап, тергеу әрекеттерін қолға алды.
Нұрбек БАЕКИН, СҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Аталған факті ҚР ҚК 293 бабының 3 бөлігі бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерулердің біріңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын зерделеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.