Русский Сайттың толық нұсқасы

Израиль Газа секторына құрлықтан басып кіруге дайындық үстінде

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2023
  • 644

Беньямин Нетаньяуддің мәлімдеуінше, Израиль Газа секторына құрлықтан басып кіруге дайындық жүргізуде. Алайда шабуыл қашан жасалатыны белгісіз. Астана телеарнасы бұл туралы Financial Times-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Израиль көшбасшысы сәрсенбіге қараған түні теледидар арқылы халыққа сөйлеген сөзінде ХАМАС содырларымен «жерде, жер астында, Газада және одан тыс жерлерде» күресуге уәде берді, бірақ құрлықтағы операцияның қашан болатынын айтпады.

«Біз - жарықтың, ал олар қараңғылықтың ұлдары», - деді Нетаньяху.

Оның бұл сөздері Израиль әскерлерінің Газа секторымен шекараға кең көлемде орналастырылуы және АҚШ-тың аймақтағы әскери күштерінің ұлғаюы аясында айтылды.

«Біз құрлықтағы шабуылға дайындалып жатырмыз», - деді тек қара киінген Нетаньяху израильдіктерге сөйлеген сөзінде.

«Мен қашан, қалай және қанша (сарбаз) болатынын нақтыламаймын», - деді ол.

Нетаньяху құрлық шабуылының уақыты әскери кабинеттің бірауыздан қабылданған шешімімен анықталатынын айтты.

«ХАМАС-тың барлық мүшелері өледі», - деді ол.

Сондай-ақ Израиль көшбасшысы 7 қазанда ХАМАС-тың жойқын шабуылдарына әкелген қауіпсіздік олқылықтары мұқият тексерілетінін айтты.

ХАМАС содырлары Израильдің оңтүстік шекарасындағы елді мекендерге басып кіріп, 1400 израильдікті өлтірді. Олардың көбі бейбіт тұрғындар. Нетаньяху болған оқиғаға да жауапты болатынын айтты.

АҚШ президенті Джо Байден өз кезегінде израильдіктер мен палестиналықтар арасындағы «6 қазандағыдай» статус-квоға қайта оралу болмайтынын айтты, деп хабарлайды ВВС.

Байден бұған дейін өткен баспасөз мәслихатында Израиль «бейбіт тұрғындар шығынын азайту» үшін жеткілікті әрекет жасап жатыр ма деген сұраққа «палестиналықтар айтып жатқан сандарға сенімді емес екенін» атап өтті.

«Мен палестиналықтардың қаза болған адамдар туралы мәліметтерінің қаншалықты рас екенін білмеймін. Мен жазықсыз адамдардың көз жұмғанына сенімдімін, соғыстың құны осы», - деді Байден сәрсенбіде тілшілерге.

Осы арада Газа секторында отын таусылып, ауруханалар жедел жәрдем қызметінен басқасының барлығының жұмысын тоқтатты. Израиль Газа секторына жанармай жеткізуге тосқауыл қойды.