Русский Сайттың толық нұсқасы

"Несиеге алынған мүлікке де сән-салтанат салығы салынады" – Ұлттық экономика министрі

Байлыққа салық. Тіпті, несиеге алынған мүлікке де сән-салтанат салығы салынады. Ұлттық экономика министрінің дерегінше, елде 720 адамның құны 100 миллион теңгеден асатын үйі бар. Оларға 610 миллион теңге мүлік салығы есептелді. Ал мұндай меншік иесінің 90 пайызы Астанада тұрады екен. Енді олар төлеу керек салық әбдеттегіден бірнеше есе өспек. Жаңа Салық кодексінің саясаты қандай? Толығырақ тақырыпты әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.

Ұлттық экономика министрі Ұлттық қорға аударылатын трансферттерді азайту үшін қосымша құн салығын 12 проценттен 16 процентке дейін көтермек. Азық-түлік тауарларын өндіру және қайта өңдеу салалары үшін салықтың өсуі, тауар бағасының қымбаттауына әкелері сөзсіз. Оны министр де жоққа шығармайды. Сонда жаңа саясаттың жағымды жақтары қайда?

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Мөлшерлеменің өсуі - бұл бюджетке 2-2, 4 трлн теңге мөлшерінде қосымша түсімдер. Бұл Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттер көлемімен пара-пар. Қосымша кірістер бізге осы трансферттердің мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, біз Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтеміз. Бұл өте маңызды міндет. Біз болашақ ұрпақ үшін Ұлттық қорды сақтауымыз керек.

Министрдің айтуынша, бұл қарапайым халықтың қалтасына емес, ең алдымен, импорттық тауарларға жүктемені арттырады. Ал өзіміздің өндіріс үшін қосымша құн салығын салудың тиімді жағдайлары жасалған дейді.

Ержан БІРЖАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бөлшек саудагерлер бөлшек салық режимін қолданады, онда ҚҚС-тан босату да қарастырылған. Бұл жеңілдіктер сақталады. КТС мөлшерлемесін саралау ұсынылады. Шикізат және қаржы секторлары, сондай-ақ ойын бизнесі салалары үшін КТС мөлшерлемесін 25-30% - ға дейін арттыру қарастыру ұсынылады.

Шетелден қымбат яхта, жеке ұшақ пен элиталы үй алған азаматтар мемлекетке «Сән-салтанат» салығын төлейді. Несиеге сатып алынған мүліктерге де салық салынады. Нақты қанша процент екені әзірге нақтылануда. Табысы бір жылда 40 млн теңгеден асатын қазақстандықтар да қосымша салық төлеуге міндеттелмек. Әрине, ондай адам біздің елде көп емес. Министр жаңа салықты тек "ауқатты" қазақстандықтар ғана төлейтінін айтты.

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Егер табысы одан артық болса, яғни жылдық табысы 50 млн теңге болса, 10 млн теңгеден артық табысына 15 пайыз төлейді. Бұл халықтың аз бөлігін ғана қамтиды және көлеңкелі экономиканың артуына ықпал етпейді. Себебі, мұндай айлықты табысы жоғары секторларда ғана төлейді. Бұл салаларда салық жүйесі ашық.

Сондай-ақ, шикізат пен қаржы секторларына және ойын бизнесі салалары үшін корпоративтік табыс салығы 30 процентке дейін артпақ. Жауапты министрлік шығындарды ауыстыру мерзімдері мен талап қою мерзімін 5 жылға дейін теңестіруді қарастыруда.