Русский Сайттың толық нұсқасы

"Мұражайлар халық үшін керек", - Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Өңірде спорт саласына баса назар аударылған. Биылғы жылдың өзінде бірнеше ғимарат халық игілігіне берілді. Толығырақ әріптесім Сүндет Оралбек тарқатады.

Қаратал тарихи-өлкетану музейі биыл ашылды. Мұнда өлке тарихына қатысты 350-ге жуық экспонат бар. Сонымен қатар, жазушы Кемел Тоқаев, Қазақ ССР халық әртісі Бикен Римова және Қаратал ауданынан шыққан ақын-жыраулар, би-шешендер мен елге еңбегі сіңген тұлғалар туралы тың деректер сақталған. Қоғамның рухани дамуы үшін мұндай мәдени нысандардың көмегі орасан зор. Мемлекет басшысы музейдің құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырып, жауаптыларға мұражайдағы жәдігерлердің санын көбейтуді тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мұражайды көріп шықтым, керемет екен. Келешекте жәдігерлер көп болатын шығар енді. Сондықтан осындай мұражайлар халық үшін керек.

Мемлекет басшысы барған тағы бір нысан -Үштөбе қаласындағы 30 орындық жатақханасы бар Гуманитарлық колледж. Оқу орнында «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы және әдістемесі» мамандықтары бойынша білім беріледі. 17 заманауи аудитория, мәжіліс және спорт залдары, медициналық кабинет бар. Сондай-ақ, Президент шаһардағы Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды.

Президент дәрігерлік амбулатория жұмысымен де танысты. Медициналық мекеме бір ауысымда 50 адамды қабылдайды. Емделушілер үшін стационар, физиотерапия, процедуралық, екпе салу, гинекология және басқа да медициналық кабинеттер жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы мұнан соң Қаратал ауданының Кәлпе ауылына ат басын бұрды. Елдімекенде 200 орындық мәдениет үйі бар. Онда түрлі шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар ауылда спорт кешені бой көтерген. Модульді ғимаратта спорт залы, балалар ойын алаңы және воркаут қарастырылған.

Ал мынау жабық мұз айдыны толықтай жеке кәсіпкердің қаражатына салынған. Республика күнінде пайдалануға берілді. Мұнда тұрғындар шорт-трек, хоккей және мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерімен айналысады. Сонымен қатар шаналы хоккеймен шұғылдануға мүмкіндік бар. Кешен кәсіби технологиялық құралдармен қамтамасыз етілген. Мұз айдыны Құрлықаралық хоккей лигасының және Ұлттық хоккей лигасының стандарттарына сай келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан кәсіпкерге ризашылығын білдірді.

Мұхаметжан СЕРІКҰЛЫ, КӘСІПКЕР:

Жалпы Қазақстанда оның ішінде Жетісу облысында спорт қарқынды даму үстінде. Біздің спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Спорттық инфрақұрылымдар, ауқымды қаржылар бөлініп, осындай спорт кешендері салынып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың спортпен тұрақты айналысқанын құптайтынын айтты. Осы мақсатта аталған саланы одан әрі қолдайтынын жеткізді.