Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде нөсер жауыннан соң көшелерді су басты

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2023
  • 948

Ақтөбе қаласында нөсер жауын жауып, көшелерді су басты. Тіпті көлік жол бойында тұрып қалды, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбе қаласы Батыс-2 шағын ауданында көшелерді су басты. Нөсер жауын кезінде көліктер жол бойында тоқтап қалған. Ақтөбе қалалық әкімдігі су сору жұмыстарына 50-ден ассенизатор жұмылдырылғанын хабарлады.

"Жауын-шашынның мол түсуіне байланысты кешеден бастап барлық қалалық коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Осыған байланысты қала аумағында су жиналатын жерлерде суды сору және бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Желіде 50-ден астам ассенизатор машина жұмыс істеп жатыр. Жауын-шашын үдей түссе, техника саны көбейеді. Ал Батыс-2 шағын ауданы Мұстафа Шоқай көшесінде суағарлар бар, тазартылған. Соған қарамастан жауын салдарынан жиналған су жолға жайылды. Себебін анықтау кезінде суығарды құрылыс материалдарымен бітеп тастағаны анықталды. Қайта тазарту жұмыстар жүргізілді. Жол бойында ассенизаторлар жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардан арықтарға қоқыс тастамауды сұраймыз", - деді қалалық ТҮКШ және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіков.

Инженер-синоптик Аида Тілеубергенованың айтуынша, бүгін және ертең күндіз-түнде жауын жауады. Тұман түсуі ықтимал.

"29 қазанда жаңбыр, ал 30 қазан күні қар аралас жаңбыр жауды деп күтіліп отыр. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді", - деді Аида Тілеубергенова.