Русский Сайттың толық нұсқасы

Сапасыз жол салған мердігер сақалын сипап қалды

Кеншілер шаһары Рудныйда жол салған компания жұмысынан кемшіліктер анықталды. Алты жүз метрге төсеген асфалті жарамсыз болып шықты. Жауапсыз мердігер енді жауапқа тартылады.

 «Роял Ричес» серіктестігі 10 жылдан бері жол салумен айналысады. Биыл Рудныйдың 3 көшесіне қара жол салған. Алайда Фролов көшесіне төселген асфальттің сапасы сын көтермейді. Тұрғындар шағымданған соң, қала билігі мердігер атқарған жұмысты қабылдамай отыр.

Виталий ТЕРРА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жолды жуықта ғана істеді. Бірнеше күн бұрын десем де болады.Бірақ қайта жамай бастады. Сапасы мүлдем нашар. Басқа айтар сөзім жоқ.

Ринат ОРАЗАҚОВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» ИНЖЕНЕРІ:

Жол салу технологиясы бұзылған. Яғни жаңбыр кезінде асфальт төселген. Әуелі дұрыстап жерді кептіру керек еді. Құрғақ жерге төселу керек.

Межелі мерзімде жұмысты аяқтауға асыққан мердігер 25 миллион теңге шығынға ұшырағанын айтады. Енді келісім-шартты ұзартатын мүмкіндік туса, келесі жылы тағы шығындалып жолды қайта салуға ниетті.

Вазо ДВНИ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

Келісім-шартты ұзарту үшін тиісті органдарға жүгінеміз.Келесі жылы өз қаражатымызға қайта жөндеуге мүмкіндік алғымыз келеді.Біз қайта жөндеуден бас тартып жатқан жоқпыз. Тіпті тұрғындардың қамы үшін жолды аяғына дейін салып бітірдік.

Асығыста салынған алты жүз метр асфальт көктемгі қармен ағып кетеді.Техникалық қадағалау мекемесінің сарапшылары осындай тұжырым шығарып отыр. Тапсырыс беруші тараптың сотқа талап-арыз түсіруден басқа амалы жоқ.

Валерий ПОЛЕШКО, РУДНЫЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Жоспар бойынша қазанның біріне дейін жұмыс аяқталу керек еді.Біріншіден мерзімнен кешігіп, жаңбырлы күндерге түсіп қалды. Екіншіден қаржылай шығынға шығынға ұшырап отыр.

Тобыл өңіріндегі автомобиль жолдарының отыз процентке жуығы тозған. Биыл 528 шақырымды жөндеуге бюджеттен 41,3 миллиард теңге бөлінген.Қомақты ақшаның жүз миллионы кеншілер шаһарындағы 3 көшеге бағытталған. «Роял Ричес» серіктестігі екі көшенің жолын сапалы салып үлгерген көрінеді.Бірақ жергілікті билік міндетін адал атқармаған компания заң бойынша жауапқа тартылса дейді. Мемлекет басшысы халыққа жолдауында еліміздегі автожолдардың сапасы сын көтермейтінін айтқан еді. Жемқорлық белең алған, бәсекесі бәсең қалған салаға бақылауды күшейтуді тапсырды.