Русский Сайттың толық нұсқасы

Тұрғындар интернет алаяқтық кесірінен 13 млрд теңгесінен айырылған

Онлайн сауда жасап, опық жегендер азаяр емес. Жыл басынан бері 15 мың адам интернет алаяқтардың арбауына түскен. Алданғандардың жалпы шығыны – 13 миллиард теңге. Олардың арасында жалған тауар сату арқылы оңай ақшаға кенелгендер көп. Биыл осындай 7 мың әрекет әшкереленді. Толығырақ Аружан Задабектің сюжетінде.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Цифрлы дәуір. Соңғы жылдары технологияның жетістіктерін көріп бастадық. Әсіресе карантинде онлайн сауданың дәурені жүрді.. Қашықтан тауар алып, қолымыз ұзарғаны рас. Дегенмен, біз таяқтың екі ұшы болатынын ескермеген секілдіміз.
Әсел Сембаева осыдан 1 ай бұрын интернет дүкеннен сауда жасайды. Ұнатқан көйлегін таңдап, теңгесін төлейді. Онлайн қызмет көрсеткен сатушы бір аптаның көлемінде тауарыңыз қолыңызға түседі деп сендіреді. Артынша арбауға түскен аруды барлық желіден бұғаттайды. Әсел құзырлыларға шағымданған.

СНӘсел СЕМБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Заявление жазуға бардым. Бұндай аз суммада қаралмайды деді. Каспи банкке бардым. Каспи банкте менің барлық аударған, перевод жасаған чектер бар. Бірақ олар айтты, біз только заявка тастай аламыз, олар қайтарып береміз десе ғана қайтара аламыз деді. Оны тек полиция арқылы шешесіздер деді.
Әсел секілді арбауға түскендер саны күннен күнге артып жатыр. «Бармақ басты, көз қыстылар» былтырға қарағанда 20 процент өскен. Егер жеңіл ақша жасайтындардың қылмысы дәлелденсе, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады - дейді жауаптылар.

Рүстем ДҮЙСЕТАЕВ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ОРТАЛЫҒЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жыл басынан бері 15,5 мың адам онлайн қызмет көрсететіндерге алданған. Алаяқтықтың ең көп таралған әдісі — онлайн сауда. Банк пен микрокредиттік ұйымдарда жалған қарыз рәсімдеудің 1 600 фактісі тіркелген. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атын жамылып алдайтындар да бар. Осы тәсілмен жыл басынан бері 3 мыңнан астам қылмыс жасалған.
Онлайн тапсырыспен келген тауарын кері қайтарғысы келетіндер де жиі кездеседі. Заңгер онлайн саудада сапасыз затқа ұрынып қалғандар да өз құқықтарын қорғай алады, - дейді.

Серқанат БЕЙСЕНОВ, ЗАҢГЕР:
Интернет алаяқтық туралы факт өте көп. Егер танымайтын тұлға жеке банк шотыңызды сұраса, бермеңіз! Тауарды да сенімді тұлғадан ғана алу керек. Егер кәсіпкер тауарды қайтарып алудан бас тартса, онда кез келген адам құқыққорғау органдарына жүгіне алады. Дәлел ретінде төлем жасалғаны туралы түбіртек болса жетеді. Кәсіпкер 15 күннен кешіктірмей ақшаны қайтаруы керек.
Сарапшылар онлайн дүкені бар кәсіпкерлердің бәрін алаяқ деп айыптауға қарсы. Әрине бес саусақ бірдей емес. Табысын адал жолмен тауып жүргендер жетерлік дейді. Сондықтан тұрғындар алданбас үшін тауар сататын сайтты мұқият зерттегені жөн.

Айгүл ҮКІБАСОВА, САРАПШЫ:
Сайтқа қарап, өлшемін қарап, киім болсын, ыдыс-аяқ болсын, тамақты да әкеліп жатыр. Сол бойынша ыңғайлы онлайн сауда. Ал зияны болса кейде кездесіп жатады, сайттан заказ бересіз киімге, сайтта әдемі болып тұрады әкелген кезде басқаша. Алған кісінің пікірін қарасаңыз, 1, 2 жұлдызша қояды. Сонын бәрін зерттеу керек. Неге деп, бір жерінде тігісі дұрыс емес, бір жерінде матасы дұрыс емес. Бірден жылтыраққа қызықпай, пікірлерге қарау керек
Қылмыс көбейсе де, интернет дүкенге жүгінетіндер көп. Тіпті, онлайн сауда дамығалы дәстүрлі дүкендерге сұраныс азайған. Мәселен, соңғы 2 жылда АҚШ-та 10 мыңнан астам дүкен жабылды. Ал, елімізде алдағы 5 жылда сауда орындарының саны 25% қысқаруы мүмкін.