Русский Сайттың толық нұсқасы

"Барлық түйткіл бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуге тиіс",-Президент

  • AstanaTV
  • 01 қараша 2023
  • 735

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президенті Эмманюэль Макронмен Ақордадағы кездесуінен кейінгі бірлескен мәлімдемеде әлемдегі түрлі саяси шиеленістер мен экономикалық дағдарыстар елді алаңдатып отырғанын атап өтті.

«Сондай-ақ, біз аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық. Әлемдегі түрлі саяси шиеленістер, экономикалық дағдарыстар елімізді алаңдатып отыр. Әрине, барлық түйткіл бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуге тиіс. Құрметті журналистер, жалпы бүгінгі келіссөз өзара сенім және түсіністік жағдайында өтті. Осының нәтижесінде Қазақстан мен Францияның қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Ең бастысы, қазіргі стратегиялық бағытымыз — екі ел халқының да кең қолдауына ие болғаны ерекше қуантады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылғанына 15 жыл толғанына тоқталды.

«Достық пен өзара қолдауға негізделген осы ынтымақтастықты одан әрі нығайту — ортақ міндетіміз. Бірге күш жұмылдырып, көздеген мақсатқа жетеміз. Мен оған кәміл сенемін. Біз құрметті президент Эмманюэль Макронмен мазмұнды келіссөз жүргіздік. Екі ел арасындағы ықпалдастықтың аясын кеңейтуге мол мүмкіндік бар. Франция — Қазақстанның ең ірі сауда серіктесінің бірі. Биылғы 8 ай ішінде сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға өсті. Яғни, 2,7 млрд долларға жетті. Сондай-ақ, Франция негізгі шетелдік инвесторларымыздың қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Франциядан Қазақстанға 18,7 млрд долларға жуық инвестиция тартылды. Елімізде 170-тен астам француз компаниясының табысты жұмыс істеуі — соның айқын дәлелі», — деді Президент.

Еске салайық, Франция Президенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға келді.

Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды деп жоспарланған.

Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға былтыр жасаған ресми сапары аясында 35 құжатқа қол қойылған болатын.