Русский Сайттың толық нұсқасы

Шошқаның жүрегін салдырған адам 6 аптадан соң қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2023
  • 883

Емі жоқ жүрек ауруына шалдыққан америкалық ер адам өзіне шошқа жүрегін салуға келісім берді. Бұл әлемдегі осындай екінші ота болатын. Адам жүрегіне шошқа жүрегін салған бірінші ота өліммен аяқталды. Бұл жолы ота жақсы өтті, бірақ 6 аптадан соң өзіне шошқаның жүрегін салдырған ер адам қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz.

"Біз әлемде екінші рет шошқа жүрегін трансплантациялау отасынан өткен емі жоқ жүрек ауруына шалдыққан 58 жастағы науқас Лоуренс Фосеттің қайтыс болғанын үлкен қайғымен хабарлаймыз", - деді ота жасалған Мэриленд университетінің медициналық орталығы.

Фредерик қаласының тұрғыны Лоуренс Фосетт емі жоқ жүрек ауруымен қиналған. Бір кездері тіпті оның жүрегі тоқтап қалған, бірақ бұл кезде дәрігерлер оны құтқара алған.

Лоуренс - шошқа жүрегін алуға батылы жеткен әлемдегі екінші адам. Оған адамның органын ауыстырып салудан бас тартқан. Сондай-ақ ол шошқа жүрегін салдырған бірінші адам қайтыс болғанын білген. Бірақ сонда да тәуекелге бел буған.

Орган донорына айналған жануар оның жүрегін адам ағзасы "қабылдамай" қоймас үшін ондаған генетикалық модификациядан өткен.

"Отадан соң көшіріліп орнатылған жүрек жақсы жұмыс істеді. Қалыпқа келудің алғашқы айында оны қабылдамаудың ешқандай белгісі білінбеді. Фосетт мырза физиотерапиямен айналысты және одан айтарлықтай жақсарулар байқалды. Көп уақытын отбасымен өткізді, әйелімен карта ойнады", - дейді хирург-ғалымдар.

Алайда соңғы күндері Лоуренс жүрегінде қабылдамаудың алғашқы белгілері байқала бастаған. Бұл адам органын көшіріп орнату кезінде де болатын проблема. Дәрігерлердің қанша тырысқанына қарамастан, 30 қазан күні ер адам қайтыс болды.

"Фосетт мырза керемет науқас және балалары мен әйелін қатты жақсы көретін адам болды. Лоуренстің соңғы тілегі - ол біздің оның отасынан алған білімді барынша пайдалануымызды қалады. Ол басқа науқастар адам органы қолжетімсіз болған кезде жаңа жүректі ала алғанын қалады. Содан соң ол айналасына жиналған дәрігерлер мен медбикелер командасына оларды жақсы көретінін айтты", - дейді ота жүргізген медициналық ғылымдар докторы Бартли Гриффит.