Болгариялық маман жаңа маусымда елордалық "Астана" футбол клубын жаттықтыруы ықтимал, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Goal.kz порталының Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап.
Станимир Стоилов бұған дейін 2014-2018 жылдар аралығында "Астананы" баптаған. Осы уақыт ішінде төрт дүркін Қазақстан чемпионы, екі дүркін Қазақстан кубогының жеңімпазы атанып, бір рет Қазақстан Суперкубогын иеленді. Сондай-ақ, "Астана" футбол клубы Стоиловтың басқаруымен Қазақстан клубтарының арасында тұңғыш рет Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне жолдама алды (2015/16). Одан кейін екі маусым қатарынан Еуропа Лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп (2016/17, 2017/18), плей-офф сатысына дейін жеткен еді. Айта кетейік, болгар маманы 2018 жылы Ұлттық құраманың да тізгінін ұстаған болатын. Стоилов қазіргі таңда бапкерлік қызметтен тысқары жүр. Соңғы рет "Левски" футбол клубын баптап, ағымдағы жылдың басында бұл қызметтен босатылған.