Русский Сайттың толық нұсқасы

Кеңсай зиратындағы халық әртістерінің қабірі тоналды

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2023
  • 1014

Пианист әрі композитор Карина Измайылова ата-әжесі Ғазиза Жұбанова мен Әзірбайжан Мәмбетовтің Кеңсайдағы бейітінде ұрлық жасалғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Карина Измайылованың сөзінше, КСРО Халық әртістері, композитор Ғазиза Жұбанова мен режиссер Әзірбайжан Мәмбетов жерленген Кеңсай зиратынан 2016 жылы ескерткіштер ұрланған. Үш жасында қайтыс болған олардың кенже ұлы Аханның қабіріндегі ескерткіш, яғни қоладан жасалған құлынның мүсіні ғана ұрланбаған. Бұл отбасы сол кезде өз қаражатынан ескерткіштерді қалпына келтіріпті. Бірақ ұрылар табылмаған. Бірнеше күн бұрын қабірде тағы да ұрлық жасалған. Бұл жолы ұлы тұлғалардың кенжесінің қабірінде тұрған құлынның мүсіні ұрланған.

"Біз үшін бұл трагедия деуге болады. Бірақ бәрінен бұрын ұлы қайраткерлер Әзірбайжан Мәмбетов пен Ғазиза Жұбанованың өз күшімізбен қалпына келтірген ескерткіштерін ұрлап кете ме деп қорқамыз. Мұның бәрі біздің отбасымыз үшін, осы ұлы адамдардың ұрпақтары үшін соққы болып тиіп отыр. Оның үстіне осындай ең қасиетті жер - зиратта ұрлық жасауға батылы барғандары таңғалдырады. Кеңсай зиратының басшылығына, Алматы қаласы әкімдігі мен прокуратурасына мына сұрақпен жүгінеміз: Отанына ерен еңбегі сіңген адамдар жерленген орталық зират неге дұрыс қорғалмайды?" - дейді Карина Ысмайылова әлеуметтік желідегі жазбасында.

Карина ескерткіштер Кеңсай зиратының орталығында, күзет бекеті мен молданың үйінің маңында орналасқанын айтты. Полиция марқұмдардың туыстарының өтінішін қабылдапты. Бірақ кінәлілерді таппаған. Зират басшылығы мен әкімдік бар мәселені жеке күзет ұйымына сілтеп отыр екен.

Алматы әкімдігі мәліметінше, "Мамандандырылған ғұрыптық қызметтер комбинаты" ЖШС қала зираттарын күтіп ұстау қызметін көрсетеді. Жерлеу қағидасы бойынша жерлеуге бөлінген учаске аумағындағы құрылыстар туыстарының немесе оларды белгілеген мекемелердің меншігі саналады екен. Яғни, ЖШС оларға жауапты емес.

Ал Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің аппараты жерлеу орындарын күтіп ұстау және зираттарды күзету жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі саналады. "СКРУ" ЖШС жыл сайын Жетісу ауданы әкімінің аппараты өткізетін конкурс негізде мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес қызмет көрсетеді. Аудан әкімдігі жерлеу орындарын күзетуге конкурс өткізеді. Зираттарды күзету қызметін жеке күзет агенттігі көрсетеді. 2023 жылы Star Wolf Security ЖШС күзетеді.

"Сонымен қатар, кейінгі жылдары Алматы қаласы зираттарында вандализм, ұрлық деректері көбейген. Күзетке бөлінген қаражат екі бекет бойынша ғана есептелген. Қорғалатын нысанның жалпы ауданы 197,2 гектар болғандықтан, барлық жерді бақылауда ұстау мүмкін емес. Дегенмен зираттар мен күзет ұйымының қызметкерлері бірнеше рет ұрлық деректерінің жолын кесіп, бірнеше рет қылмыскерлер ұсталып, полиция қызметкерлеріне тапсырылды", - деді әкімдік өкілі.

2024 жылы түнде зират ішіне қосымша күзет және патрульдеу бекеттерін қосу арқылы көбірек қаржы бөлу жоспарланып отыр екен. Сонымен қатар, Жетісу ауданының әкімдігі 750 камера орнатпақ. Соның ішінде "Кеңсай 1"және "Кеңсай 2" зираттарына орнату жоспарланып отыр. Бұл үшін Алматы Цифрландыру басқармасына өтінім жіберіліпті.

Ал Алматы Полиция департаменті мәліметінше, бұл дерекке қатысты Медеу ауданының полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (бөтеннің мүлкін ұрлау) бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр. Арнайы жедел тергеу тобы құрылған. Сонымен қатар, металды қабылдау орындары тексерілетіні айтылды.

Құзырлы органдар мәліметінше, жыл басынан бері Кеңсайда ұрлық жасады деген күдікпен үш адам ұсталыпты.