Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс өңірі қалың қардың астында қалды, ал Семейде ауылдарды су басуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2016
  • 2857

Шығыс өңірі қалың қардың астында қалды. Ал Семейде Ертіс суы көтеріліп, тұрғындар эвакуациялануы мүмкін. Бұл туралы арнамызға облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Шемонаиха ауданында 21 адам жол бойында қалған. Тұрғындар қар астындағы көліктерді қазып шығаруда. Жарма ауданында 2 адам құтқарылды. Ресеймен шекаралас аумақтағы жол жабық. Тұрғындар төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып, жол жүрудің қиындағанын айтып шағымдануда. Ертең қар тазалауға 130 өрт сөндіруші көмекке келмек.

Ал Семейде Ертістегі судың деңгейі 450 сантиметрге көтерілген. Десе де тұрғындар әлі қауіпсіз жерге көшірілмепті. Су басу қаупі бар аймақта 500-ге жуық адам тұрады. Құтқарушылар тұрғындарға эвакуацияға дайын болуды ескертіп жатыр.

Анастасия Скляр, ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі:

Ертіс өзенінің бұлай көтерілуі қауіпті. Төтенше жағдайлар қызметі кезекшілік атқарып, су деңгейін бақылауда. Полковничий аралы су астында қалуы мүмкін. Қазір онда полиция қызметкерлері тұр. Бөгде адамдарға кіруге болмайды. Тұрғындарды эвакуациялауға 4 мектеп дайын тұр.