Русский Сайттың толық нұсқасы

Маңғыстау прокуратурасы мүгедектігі барлардың құқығын бұзған 7 мыңнан астам фактіні анықтады

  • AstanaTV
  • 04 қараша 2023
  • 881

Маңғыстау облысының прокуратурасы биыл жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын бұзудың 7 мыңнан астам фактісін, оның ішінде конституциялық құқықтарды бұзу фактілерін анықтады. Олардың кейбірі жүйелі сипатта болған.

Атап айтқанда, инватакси қызметін көрсету тәртібінің сәйкессіздігі анықталды. Олар заң талаптарын бұза отырып, тек жұмыс күндері 8 сағат кесте бойынша қызмет көрсеткен. Ал заңға сай үзіліссіз, оның ішінде демалыс және мереке күндері де қызмет көрсетуге тиіс.

Талаптарды бұза отырып, мүгедектігі бар 3 мыңнан астам адам жеке оңалту жоспарында көзделген тауарлар мен қызметтердің кепілдік берілген көлемімен қамтамасыз етілмеген.

Қалалық және әлеуметтік инфрақұрылымның 100-ден астам объектісі мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта талабына сәйкес келмейтіні анықталып, қадағалау актісі бойынша жауапты тұлғалар 7,5 млн теңге әкімшілік айыппұл төлеуге тартылды.

Ең сорақысы, қорытындыларды дұрыс толтырмаған медицина қызметкерлерінің кесірінен өздері аурудан зардап шегетін 100 тұлға мүгедектік туралы куәландырудан қайта өтуге мәжбүр болды.

Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың жеке көмекшілері мен ымдау тілі мамандарынан 66 млн теңге мөлшерінде ақша қаражаты заңсыз ұсталғаны анықталған.

Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдардың еңбек құқығы мен инклюзивті білім беру саласында бұзушылық жасалған.

"Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша оларды жою және кінәлі адамдарды заңда көзделген жауаптылыққа тарту туралы прокуратурамен қадағалау актілері енгізді. Облыстық әкімдікте мүгедектер істері жөніндегі кеңесшінің штат бірлігін ашу, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсетуге такси агрегаторларын тарту, "кедергісіз қала" пилоттық жобасын іске асыру бойынша ұсыныс енгізілді. Алқа отырысының нәтижесі бойынша уәкілетті органдар жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған нақты шаралар әзірленді. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тапсырмалар берілді".
Маңғыстау облысы прокуратурасы