Австралияда Asia Pacific Screen Awards азиялық беделді киносыйлығы өз жеңімпаздарының есімдерін жариялады. Биыл үш қазақстандық фильм – Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу», Дархан Төлегеновтың «Ағайынды» және Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» картиналары жүлдегерлер қатарына енді. Айта кететін жайт - үш фильм де режиссерлердің дебют жұмысы.
Оның ішінде екі фильм, атап айтсақ, «Бауырына салу» мен «Ағайынды» Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген.
«Бауырына салу» «Үздік жастар фильмі» номинациясында жеңіске жетсе, «Ағайынды» картинасында басты рөлдерді сомдаған Айбар Салы мен Әлішер Исмаилов «Үздік жаңа қойылым» үшін жүлдеге ие болды.
Ал «Қаш» туындысы «Үздік операторлық жұмыс» номинациясында марапатқа ие болды.
Ал APSA-ның бас жүлдесін «Үздік фильм» номинациясында әйгілі неміс режиссері Вим Вендерстің «Прекрасные дни» атты жапондық картинасы жеңіп алды.
Биыл «Санденс» және Берлин кинофестиваліне қатысқан, фестивальдердің хиты болған «Прошлые жизни» фильмі Селин Сонға ең үздік режиссер атағын әкелді.
Кештің тағы бір фавориті Рюсуке Хамагутидің «Зла не существует» жапондық драмасы қазылар алқасының Гран-приіне қол жеткізді.
«Бауырына салу» фильмі сәби кезінен әжесінің тәрбиесінде болған баланың оқиғасын баяндайды.
Туындының тұсауы осы жылы Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен беделді кинофестивальде кесілді, онда ол «Жаңа режиссерлер» бағдарламасында көрсетілді.