Русский Сайттың толық нұсқасы

Көмір де, мұнай да «лапылдап жанбайын» деп тұр. Болашақ - балама энергия көздерінде

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2016
  • 2732

Ресейде Виктор Вексельберг есімді ірі бизнесмен бар. Үш жыл бұрын серіктестерімен ТНК-BP компаниясының 50 пайызын «Роснефть» мемлекеттік компаниясына  27,7 млрд долларға сатқан. Өте ақылды Вексельберг жақында осы елдің «Ведомости» басылымына интервью беріп, мұнай бизнесіне оралмайтынын айтыпты. Ал  ақшаны қайда салатынын білесіз бе? Һigh-tech, баламалы энергетикаға. Бір цитата:

Болашақта күн панелдерінің тиімділігі артатыны соншалық, олар дәстүрлі энергия көздерімен бәсекеге түседі. Біз бағаламай және түсінбей отырмыз – соңғы он жылда баламалы энергетиканың болашақ екені айқындалды. Мысалы, Германия бес жыл ішінде қолданатын энергияның 35 пайызын қалпына келетін энергия көздерінен алмақшы.

Осы пікірге параллель өткенде біз берген Алматы облысындағы қаңырап қалған Күн нұрынан энергия алатын станция еске түседі. Оңтүстік Корея тегін салып берген дүние етін... Ал қомақты инвестицияларды қажет ететін энергетика саласындағы станциялар жекешелендіру тізіміне еніп, сатылмай тұр.

Азамат Алдоңғаров жалғастырады.

Мемлекеттің қарауындағы тиімсіз компанияларды бәсекелі ортаға беру Қазақстанның алдағы жылдардағы жоспары. Олардың қатарында энерго-нысандар көп. Көбі қайта жаңғыртуды талап етеді. Ал бүгінгі экономикалық жағдайда тозығы жеткен станцияларға қазынадан ақша құю – үкіметтің мақсатына жатпайтыны түсінікті. Бірақ бұл салаға инвестиция салуға құлшынып отырған бизнесмендер де жоқ. 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарындағы 9 нысанның тек біреуі ғана, Жамбыл гидро электро-станциясының 50 пайызы 2,5 миллиард теңгеге жетер-жетпес сатылды. Оның өзін шетелдік ойыншы емес, тараздық компаниялардың бірі алды. Энерго-нысандарды басқарып отырған «Самұрық Қазына» ұлттық компаниясы жекешелендіру тізіміндегі нысандарды сатуда қиындықтар барын мойындайды.

Берік Бейсенғалиев, «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарушы директоры:

¤Диллема көп. Отандық инвесторға ма әлде шетелдік кәсіпкерге сатамыз ба? Тез сатып жіберу керек пен немесе қымбаттырақ сату үшін, күтіп отыра беру керек пе? Әлеуметтік жауапкершілікті ескере сату немесе қарыздардың бәрін төлету? Қазақстанның сәтсіз тәжірибесіне қайта ұрынбас үшін, жан-жақты ойластырылған шешім қажет.

Тең жартысы жеке қолға сатылған Жамбыл ГРЭС-і, осыдан он жыл бұрын да жекешелендірілген-ді. Бірақ кейін мемлекет оны қайтадан қолына алуға мәжбүр болды. Бисенғалиевтің айтып отырған опық жеген тәжірибе де осы. Қазақстанның энерго-нысандарының май шелпектей таласқа түспеуінің бір сырын ресейлік атақты, ең бастысы, қалталы кәсіпкер Виктор Вексельбергтің сұхбатынан ұғуға болады. Әлемдік нарықта мұнай құны 100 доллар деңгейінде шарықтап тұрған кең уақытта мұнай-газ секторындағы үлесін мемлекетке тиімді сатып үлгерген кәсіпкер, Құдайға шүкіршілік етіп отыр. Алайда бір кезеңде өзін бай еткен салаға «қайтып оралуым екіталай»,- дейді.

Графика Виктор Вексельберг:

«...Құдайға шүкір, қазір «Ренова» мұнай-газ нарығының ойыншысы емес. Бұл салалар қайта бір ойлануды талап етеді. Көптеген факторлар, мұнай бағасының өз шыңына қайта өрлей алмайтынына меңзейді. Демек, бұл саладағы компаниялар стратегиялық шешім қабылдаулары тиіс...»

Дәстүрлі энергия көздерінің дамудың көлеңкесінде қалып бара жатқанын ресейлік белгілі банкир Герман Греф те айтқан. Ол адамзаттың тас дәуіріне оралмайтыны сияқты, болашақта өркениеттің мұнай-газға бүгінгідей байланбайтыны да анық деп ой қортындылайды.

Герман Греф, «Сбербанк» АҚ президенті:

 Егер Қытайды алсақ, 2016 жылдың соңы мен 2017 жылдың басында, ал олардың оны іске асыратыны анық,  күн, жел және биоэнергетикадан 230 гегаВатт, гидроэнергетикадан 330 гегаВатт, жиынтығы 560  гегаВатт қуат алады. Бұл Ресейде орнатылған қалпына келетін энергия көздерінен 2,5 есе көп. Ал ең маңыздысы, балама энергия көздерін қарқынды дамытып отырған Қытай дәстүрлі энергия көздерін 45 пайызға азайтады деген болжам бар.  Бұл біз оларға үлкен көлемде жеткізетін көмір, көмірсутегі ресурстары. Яғни дәстүрлі энергия көздерінің дәуірі аяқталуға жақын. Тас дәуірі тастар таусылғасын аяқталған жоқ. Сол сияқты мұнай дәуірі аяқталды деуге болады...

Демек, мұнай-газды экономикасының локомотиві еткен Қазақстан шұғыл түрде жоспарын өзгертіп, жолайырықта мүлдем басқа бағыт алуы тиіс. Ардагер энергетик Марат Дұлқайыров, қазақ жерінің қойнауы ғана емес, беті де табиғи байлыққа тұнып тұр дейді.

Марат Дұлқайыров, «Қазақстанның инжинер-энергетиктері одағы» ҚҰ бас директоры:

Біздің Жоңғар қақпасы дәлізіндегідей күшті жел әлемде жоқ. Ұзындығы 80 шақырым, ені 20 шақырымдық жер. Бұл желді пайдаға жаратсақ жақсы болар еді. Тиісті жоба бар. Дәліз ЭКСПО көрмесінде де таныстырылуы тиіс. Күн сәулесінен қуат алам десең, 365 күннің 300 күнінде Қазақстанда күн жарқырап тұрады.

Халықаралық ЭКСПО көрмесін «Болашақ энергия көздері» атауымен өткізу, Қазақстанның жаңа бағыт алғанының дәлелі. Бірақ, істе еліміздегі баламалы қуат көздерінің үлкен қазандықтағы үлесі әзірге бір пайызға да жетпейді. Оның көлемін арттыру үшін қыруар ақша керек. Және ол бүгін салып, ертең-ақ орып алатын оңай олжа емес. Ақшадан бұрын болашақ энергия көзіне деген селт етпейтін сенім мен табандылық керек. Оны неге айтты дейсіз ғой. Бұған дейінгі бағдарламаларымыздың бірінде Алматы облысының Сарыбұлақ аулына Оңтүстік Корея кәсіпкерлерінің сыйға тартқан күннен қуат алатын станция  туралы айтқанбыз. Құны 600 мың доллар тұратын жоба қазір қаңырап тұр.  Орталық электро-желілеріне қосылмаған ауылды жарықпен қамтамасыз етудің озық үлгісін көрсеткен тілектес кәсіпкерлер, жобаны тегін салып қоймай, оның жұмысын бақылап отыруды жергілікті тұрғындарға үйретіп кеткен. Алайда бұл қызметті тегін атқарып келген азамат, жан бағу үшін аудан орталығына кәуәп сатуға кетеді. Осылайша инновациялық идея қараусыз қаңырап қалды. Мемлекеттік органдар да оны өз балансына алуға асығар емес. Жібекті түте алмай жүн қылудың бір мысалы.

Бейнеқыстырма

Ал энергетика министрлігінде баламалы энергия көздеріне жауапты департамент директоры Айнұр Соспанова, жуырда отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында энергия тарифтерді доллар бағамына байлау бастамасы жайында айтты. Осылайша, отандық энерго нарыққа шетелдік инвесторды тартпақшымыз. Жауапты шенеунікке Сарыбұлақтағы сарғайған күн панелдері мен шетелдік валютаға байланатын тариф, жаңартылатын қуат көзі жайында біраз сұрағымыз бар. Бірақ біздің бес сұраққа министрлік ойлануға бір ай уақыт керек деп, жазбаша ресми жауап қайырды. Тарифке байланысты сұрақтың жауабын ардагер энергетик Марат Дұлқайыров берді. Оның ойынша, долларға баламалы қуат көзі ғана байланбақ. Одан қатардағы тұтынушының қалтасы жұқара қоймайды.

Марат Дұлқайыров, «Қазақстанның инжинер-энергетиктері одағы» ҚҰ бас директоры:

Соспанованың айтып отырғаны жөн. Бұл Қазақстанда баламалы энергия нарығын дамытудың жалғыз жолы. Оның тарифтерін долларға байлау ғана шетелдік инвесторлардың келуіне негіз жасайды. Ол аз ақша емес, бұл бір. Екіншіден баламалы энергия көздеріне салынған инвестиция ұзақ жылдар бойы өтелетін ұзын ақша. Оған 10-12 жыл керек. Содан кейін ғана табыс туралы айтуға болады. Бұл бастаманы қолдаймын.

Озық технологияны тәп-тәуір қолданып отырған кәсіпкерлер де бар елімізде. Соның бірі Қостанай облысындағы «Зенченко» шаруа қожалығы. Жел диірменінен  сағатына бір мың килоВатт қуат алатын қожалық, артылғанын мемлекетке сатып отырған көрінеді. Мал бағып отырған қарапайым шаруа, «хай-тэк» дейтін технологияны еш қиналмай меңгерген. Өркениет дамуының жаңа кезеңінің талабы осы. Ал күні кеше Америкадан жеткен жаңалық бүгін біз мінген автокөліктердің болашағына еш мүмкіндік қалдырмайды. «Тесла» компаниясы тоқпен жүретін көліктердің бағасын екі есеге, 35 мың долларға дейін төмендетіпті. 2019 жылы шығатын көлікті сатып алуға ниетті 100 мыңнан астам адам кезекке тұрып үлгерген. Әлемнің есті азаматтары болашақ баламалы энергия көздерінде екенін әлдеқашан түсініп қойған. Жарық та, жылу да  – бәрі-бәр болашақта табиғаттың өзінен алынады. Біз бұл көшке ілеспесек, дамуда тоқырап қана қалмай, кері кетуіміз ықтимал. Ал Қазақстанның баламалы қуат көзін меңгерудегі нақты қадамдары туралы мәлімет бермекке министрлікке бір ай қажет. Бірақ болашақ үшін отыз күн түк емес. Бастысы мәлімет арық есеп болмаса болғаны.

Азамат Алдоңғаров, «Біздің уақыт».