Қанды оқиға 29 қазан күні Жетісу облысының Алакөл ауданында болған. Келіспеушіліктен туған келеңсіздіктің соңы қол жұмсауға ұласып, ауыр соққы алған адам ауруханада көз жұмды.
Оқиғаның бейне жазбасы әлеуметтік желіде тараған. Бейнекөріністе қызыл түсті автокөлік жол жиегінде отырған адамды қағып кетуге сәл қалғаны байқалады. Жүргінші мен жүргізуші арасында дау туып, бір-біріне қол жұмсауға дейін барған. Нәтижесінде құлақ-шекеден соққы алған жолаушы құлап түседі. Ал көлік иесі оны машинасына салып, ауруханаға алып кеткен. Келесі күні 40 жастағы азаматтың аудандық аурухана төсегінен тұрмай, жантәсілім еткені белгілі болды.
Қазір жергілікті полиция күдіктіні ұстап, қамауға алған. Оған Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3- бөлігі бойынша айып тағылды. Қылмыс дәлелденсе, айыпталушыны 8-12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.