Қазақстандық танымал актер Берік Айтжанов өзі түскен түрік сериалының түсірілімі қалай өткенін айтып берді. Өнер иесі түркиялықтардың кино әлеміне жоғары бағасын беріп, олардың асқан кәсібилігін атап өтті.
Берік Айтжанов "Осман империясы" түрік сериалының түсірілімі кезіндегі қызықтарын "Түнгі студия" бағдарламасында айтып берді. Өнер иесі алғашында түсірілім алаңына түрік тілін білмей келгенімен,соңында жақсы сөйлеп кеткен. Өзге тілді меңгеруде оған отандық режиссер Нұрғиса Әлмұрат көмектескен. Ол Айтжановқа түрікше мәтіннің дұрыс оқылуын аудиожазба арқылы жіберіп отырған. Берік Айтжанов Түркия елінің кино индустриясына тәнті болып келген.
"Түріктер сериалды тез түсіреді. Бес-алты күннің ішінде екі сағаттық серияны түсіріп, сапалы материал шығарады. Жылдамдықтары өте керемет. Біздің кинолармен салыстырғанда төрт есе көбірек қаржы, төрт есе көп техника мен адам жұмыс істейді. Түрік сериалдары ислам әлемінде өз көрерменін тапқанын мойындау керек. Сондықтан оларға өз материалын шетелге сату қтиындық тудырмайды. Оған сұраныс та көп", - деп атап өтті актер.
Сондай-ақ, әртіс бұқаралық ақпарат құралдарына не себепті көп сұхбат бермейтінін түсіндірді.
"Егер байқасаңыздар, мен сұхбат көп бермеймін. Оның бір себебі бар. Мен негізі кино камералары мен театр сахнасында қатты қобалжып көрген емеспін. Ол жерде өзімді еркін ұстай аламын. Ал телевизияның камерасын көрсем, өзімді ыңғайсыз сезінемін. Өзім емес сияқты болып тұрамын. Содан кейін көп сұхбаттқа шыға бермеймін", - деді ол.