Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақмола облысында медициналық кадр тапшылығы 22 пайызға төмендеді

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2023
  • 800

Биыл Ақмола облысының ауылдық жерлеріне 130-дан астам дәрігер маманы жұмысқа орналасты. Олардың 76-ы жас маман. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Ақмола облысында саладағы кадр тапшылығы 22 пайызға, яғни, 244-тен 190-ға дейін төмендеді.

Медициналық ұйымдарда 7 мыңға жуық маман, оның ішінде 1,6 мың дәрігер және 6 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Кадр мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді.

НҰРЛАН АХИЛБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бүгінгі таңда өңірге медициналық кадрларды ынталандыру және тарту мақсатында бірқатар жүйелі және дәйекті шаралар қабылданып жатыр. Айтап айтқанда, пәтер мен жатақхана беріледі. Дәрігерлердің балалары үшін балабақшаларда орын бөлу, олардың жұбайларын жұмысқа орналастыру және басқа да қолдау түрлері арқылы медициналық мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Орта буын медицина қызметкерлері үшін жыл сайын жергілікті бюджет есебінен 190 грант бөлінеді. Лаура Салихова бала күнгі арманына осы грант арқылы қол жеткізді. Қазір облыстық көпбейінді балалар ауруханасында еңбек етуде.

ЛАУРА САЛИХОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ РЕВМАТОЛОГ ДӘРІГЕРІ:

Көкшетау қаласында жас мамандарға барлық жағдай жасалған. Болашақта осы жақта қаламын ба, қалмаймын ба әзірге білмеймін. Оны болашақта уақыт көрсете жатар. Қазіргі таңда арманым орындалды деп ойлаймын.

Сонымен қатар, былтыр жас мамандарға көтерме төлем аудандық және облыстық маңызы бар қалалар үшін 1,5 миллион теңгеге дейін және ауылдық жерлерде 2,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Жыл сайын дәрігерлердің орташа жалақысын 30, орта медицина қызметкерлеріне 20 процентке өсуде. Қазір дәрігерлердің орташа жалақысы 545 мың, орта медициналық персоналдың жалақысы 305 мың және кіші персоналдың жалақысы 131 мың теңгені құрайды.