Русский Сайттың толық нұсқасы

Ойылған көшелер, бұзылған көліктер...

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2016
  • 3841

Еліміздегі жолдардың, көшелердің сапасы елдің ызасын туғызатын мәселенің бірі. Астананың өзінде солай болғасын... Қалалық әкімдік 117 көшенің шұрқ-тесік болғанын анықтап, 23-і жөнделетінін хабарлады. 93-інде шұңқырлар ғана бітеледі. Биыл тіпті кісі шошитын болғанын шенеуніктер «бұрынғыдай сақылдаған аяз жоқ, ал су болып жататын асфальт тез бүлінеді, оның үстіне көлік саны күн сайын артып барады»,-деп түсіндіреді. Жаңбыр көп жауатын Еуропада неге олай емес екен?.. Быт-шыты шыққан көшелерде жүру қауіпті де. Оған «тәртіп» дегенге есігін ашып, жерге түкіретініндей, түкіріп қойғаны бар біздегі жүргізушілердің «ойқастайтынын» қосыңыз.Жолда жүру бір сынақ, әйтеуір... Жә, неге біздің асфальт «нәзік», осы? Ойқы-шойқы жолдардан көліктер ұрылып-соғылып, сынып жатады – ал оған ешкім өтемақы алмайды десек, елдің ащы күлкісін туғызамыз. Берік Хасеновтің «Арман жолдар» деп атаған арнайы репортажы.   

Неге елімізде қармен қоса асфальт та ериді? Көктем келісімен қалалардағы көшелердің ойылатыны соншалық, көлікпен жүрудің өзі қауіпті. Қаланың ортасы болса да тау-таспен жүргендей көліктер қирап, мыңдаған жүргізушілер жүздеген мың шығынға батып жатыр. Қарапайым көлік иелері келген шығынды кімнен өндірерін білмей дал.

Көлік ағылып жатқан мына көшені Қостанайдың қақ ортасында орналасқан жол дегенге сену қиын. Алайда, облыс орталығының бары осы. Ойылып қалған жолдардың жағдайы ауылдан да бетер. Қазір жауын-шашын  жиілегендіктен темір  су астындағы шұңқырлар көрінбейді де. 

Бейнеқыстырма: шұңқырға түскен көлік

Марат Жәркенов жаман жолдан қажыған қостанайлықтардың бірі. Адам тасумен отбасын асырайтын азамат көктем келгелі пайдадан гөрі шығынға батқанын айтады. -Өйткені таяқ тастам жердің өзі темір тұлпардың дал-дұлын шығарады дейді.

Марат Жәркенов, қала тұрғыны:

Жол деген қазір өте қиын. Қай қиылысты өтпесең шұңқыр, тесік. Машинаның дөңгелегі жарылады. Шығын деген де көп шығын шығады енді. Ходовой частыда ол да қымбат. Темір-терсегің бәрі қымбат. Бір ремонтының өзі 50-60 мыңға шығады.

20 жылдан астам тәжірбиесі бар техникалық қызмет көрсету маманы Владимир Казанцев жаман жол жүргізушінің қалтасын қағатынын растайды. Сансыз соққы көліктің қозғалтқышына да кері әсер етеді екен. Тіпті шұңқырлардың кесірінен көліктің дөңгелегі бұзылып, адам өміріне қауіп төнуі мүмкін. Маманның айтуынша,көктем шыққалы жөндеуге кезекте тұрған көліктердің қатары көбейген.

Владимир Казанцев,  бас механик:

Кейбір кезде бөлшектің бүлінгені былай тұрсын, ол түбімен жұлынып қалады. Бір бөлшекті ауыстырудың құны 3 мыңнан 5 мыңға дейін барады. Ал, сапалы түпнұсқа бөлшектің бағасы 10 мыңнан 50 мыңға дейін баруы мүмкін. Жаман жолдың кесірінен зақымданған қосымша бөлшектер мен жабдықтардың құны 100 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бұл тек ұсақ жөндеу жұмыстарына ғана кететін ақша.

Нашар жолдың кесірінен діттеген жеріне жете алмай қалған қанша жүргізуші бар.Жалпы, еліміздің әр өңірінде кез-келген жүргізушімен тілдессеңіз, жырық жолдың жырын айтып, жылап жібере жаздайды. Бірақ, сапасыз жолдың салдарынан шығынға батқан көлік иелері қайда барып жүгінерін білмейді.

Артур Батырханов,  «Zello» водители Актобе» бірлестігінің мүшесі:

Кім жолдарға жауапты? Көлігіме келген шығынды өндіріп алу үшін арызды қайда жазарыңды да білмейсің. Құзырлы қызмет органдары өз істері үшін жауап берсін. Жыл сайын жолдарды жамайды, бірақ келіп кетер пайда жоқ. Қалада жаман жолдарға қарсы тұрғындардан қол жинап, петиция да жарияладық.

Танымал заңгер Жангелді Сүлейменовтың айтуынша, көлікке келген шығынды өндіріп алуға болады екен. Өйткені, заң бойынша тек көліктердің соқтығысуынан ғана емес, көлік құралына жол үстінде қандай да зақым келсе, яғни жаман жолдың, шұңқырдың, не ашық кәріз құдығынының кесірінен келсе, онда ол «жол көлік оқиғасына» жатады. Бастысы, сондай жағдайда күттірместен жол-патрульдік полиция өкілін шақырып, хаттама толтыру керек. Суретке түсіріп, мүлікті бағалайтын компания өкілдерін шақырту қажет.

Жангелді Сүлейменов, заңгер:

Сіз сотқа жүгінуге толық құқығыңыз бар. Әлде сотқа дейін коммуналды-шаруашылық, не автомибильдер басқармасына барып арыз жаза аласыз. Барлық дәлеліңіз қолыңызда болса, ол сізге шығынды өндіріп беруге тиісті. Өйткені, сіз сотқа жүгінсеңіз олар екі есе шығынға батады. Ал, егер бас тартса онда сол басқарма не оған тиісті бөлім орналасқан аудандық сотқа барыңыз. Көліктің бөлшегі бүлінгені былай тұрсын, келген залалдың кесірінен адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін ғой.

Жолдардың көлік жүруге жарамсыз екенін арнайы құралсыз-ақ көруге болады. Десек те, қолымызға сызғыш алып, апандардың тереңдігін тексеріп көруге бел будық. Шынында да қорқынышты. Тереңдігі тіздеден асады.

Өткен жылы еліміздегі  көлік саны 5 жарым миллионды құраған. Оның қаншасы осы көктемде пайда болған шұрық-тесік жолдың кесірінен бүлінгенін санай беріңіз. Айта кететін жайт - елімізде әр бесінші жол апаты осы жаман жолдың салдарынан болады екен.

Жолға төселетін жабынның құрамын анықтайтын мамандар, Қазақстанда 3 климаттық аймақ бар екенін айтады. Кеңес кезінен қалған бұл өлшем нақты болмағандықтан есеп дәл шықпай жатты- дейді. Елімізде енді климаттық 8 аймақ пайда болмақ. Десек те, жолдың бұзылмай барынша ұзақ тұруы екіталай дейді мамандар.

Сайранбек Бармақов, ҚР инвестиция және Даму министрлігі автомобиль жолдары Комитеті төрағасының орынбасары:

Жолдың ең бірінші жауы, асфальто-бетонның ол – су. Қандай битум салсаңызда су тұрған жерде су өзінікін алады. Егер сондай битум тапқан адам бәрі жерге шыдамды битумды, жолға, трещина болмайтын керемет битум әлі табылған жоқ. Егер сондай битумды адам тапса ол Нобель сыйлығын бірден алатын еді.

Соңғы 3 жылда Ақтөбе жолдарын жөндеуге облыстық бюджеттен 7 жарым млрд теңге бөлінген. Былтырдың өзінде 3 млрд теңгеге 25 көшенің асфальт жабындысы жаңартылған көрінеді. Оның 8 учаскесі жартылай жөнделген, биыл одан әрі жалғасуы тиіс. Соған қарамастан шаһар көшелерінің барлығы қыстың қысыр мінезіне шыдас бермеген. Шұңқыр мен тесіктен аяқ алып жүре алмайсыз. Барлығы суағарлардың жоқтығынан.

Нағымжан Алдияров, Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Қазіргі мына қаланың су көп жиналатын жерлеріне байланысты тапсырма берілген. Суағарларды қарастырып, тиісті жерлерде құжаттарын дайын суағарларды салу жөнінде. Бүгінгі күні сол бағытта жұмыста жүргізіп жатырымыз, енді барлық жерді қамту мүмкін емес.

Қар мен жаңбыр суы суағарсыз талай жерді талқандайтынына біз де көзімізді жеткіздік. Мынау Астанадағы жер асты өткелінің кейпі. Қызылсу өткел қабырғасын бір- ақ тесіп өткен. Бұл өткелдің үстіндегі 8 жолақты жолға үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Мамандар құрылыс кезінде қателік кеткенін анықтаған.

Бейнеқыстырма: жерасты өткеліндегі су

Мынау Астана қаласындағы орталық көшелердің қазіргі көрінісі. Былтыр ғана жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан асфальт салынған дегенге ешкім сене қоймас. Әкімдіктегілер тас жолдың төсеніші көлік легін көтере алмады деп отыр. Қара жолды тәулігіне 22 мың көліктің орнына 38 мың көлік басып өтеді.

Асқар Исақов,  Астана қаласы жол құрылысы және жөндеу бөлімінің басшысы:

Орта жөндеу жұмыстары жүргізілген көшелер былтырғы, бірақ биыл ақаулық шыққандарға мердігер компаниялар өз қаражаттарының есебінен қайта жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Оған мемлекеттің қаржысы бөлінбейді. Өйткені олардың 3 жыл мерзімде кепілдік уақыттары көрсетілген.

Қырық жамау жол Елорданың кез-келген ауданында бар. Есілдің сол жағалауы да мәз емес. Мемлекеттің миллиардтарына жаңадан төселген асфальт жылға жетпей тесіліп қалуда. Биыл осы жұмыстарға қала бюджетінен тағы да 5 милиард теңге бөлінген.

Қосман Айтмұхаметов, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

Жол жабының сапасын арттыру үшін біз қазір заманауи жаңа технологияларды қолданудамыз. Былтыр Шарль де Голь көшесінде тәжірбие жүзінде Канадалық технологияны қолдандық. Ол өзін жақсы көрсетті.

Әкім орынбасарының айтқаны ақиқат па? Соған көз жеткізу үшін аталған көшеге арнайы келдік. Тұрмысы жақсы тұрғындар тұратын Шарль де Голль көшесі осы.

Шағын ғана көшенің беті шаң болғанымен шұрық-тесік жоқ екенін көрдік. Көліктер легі де көп емес. Бірақ Шарль де Голль көшесі біреу-ақ.

Төзімді битум ойлап тауып, Нобель сыйлығын алатын адам шыққанша, біздің адамдар "канада технологиясы неге барлық көшеде қолданылмайды екен" деп, өз-өздерінен күбірлеп жүретіні анық...

Берік Хасенов, "Біздің уақыт".