Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда пойыз аяғын басып кеткен ер адам тірі қалды

  • AstanaTV
  • 08 қараша 2023
  • 866

Оралда пойыз аяғын басып кеткен ер адам тірі қалды, деп хабарлайды Kazinform.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 7 қараша күні Белая казарма ауданындағы темір жол бойында болды.

«Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» МКК «103» операторына сағат 14.45-те хабар түскен. Оқиға орнына 5 минутта жеткен жедел жәрдем бригадасы рельс жанында жатқан, аяғын пойыз басып кеткен ер адамды облыстық көпбейінді ауруханаға шұғыл жеткізді. Жағдайы өте ауыр, көп қан жоғалтуына байланысты ес-түссіз күйде жатқан және III-IV дәрежеде травматикалық шок алған 33 жастағы ер адамға травматолог, реаниматолог, нейрохирург, анестезиолог мамандардың қадағалауымен шұғыл ота жасалды. Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы қалыпты, ауыр. Жансақтау бөлімінен палатаға шығарылды. Дереу көмек көрсетіп, өмірін аман алып қалған дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын айтуда. Науқасқа еңбек өтілі 20 жылдан асатын дәрігер-травматолог Қанат Өтегенов және хирург-травматолог Ерғали Байқатов жедел ота жасады. Сондай-ақ отаға анестезиолог Айбек Түркпенов, реаниматолог Арман Дүйсалиев, анестезист Галина Астова және медбике Нұрай Ғазез қатысты», деп хабарлады ведомстводан.

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі толықтырғанындай, аталған дерек Орал станциясындағы желілік полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 1-бөлігімен, яғни темiржол көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.