Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда тұрғындар өз үйлеріне кедергісіз кіріп-шығудан қалды

Алматыда тұрғындар өз үйлеріне кіріп-шығудан қалды. Неге дейсіз ғой? Өйткені күннен күнге халқы көбейіп жатқан жаңа тұрғын үй кешеніне кіретін бір ғана жол бар. Оның өзі тар. Мердігер компания екінші кіреберісті салуға оқталғанымен, бұған екінші құрылыс компаниясы қарсы шығыпты. Тіпті, аудан әкімдігінің өзі қауқарсыз.

 «Sensata city» тұрғын үй кешенінің тұрғындары комфорт санатындағы баспаналарға ие болып, төбелері көкке жеткен-ді. Бірақ бұл қуаныштары ұзаққа бармады. Мұнда кірер жол халықты әбден әбігерге салды. Екі көлік әрең сыяды, содан кептелістен көз ашылмайды. Жаяу жүргіншілерге арналған жол да жөнді қарастырылмаған.

Мөлдір ДҮЙСЕНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мына 12 этаждық үй. Ойлаңыздар, үш кезек бар. Оның ішінде қаншама халық бар. Мына кішкентай жерден қалай мына адамдар өтеді? Менің кішкентай балам бар. Екі машина қатар өте алмайды. Әр жақтан бері кіретін болса, пробка болады. Мына жақта мектеп бар. Балаға бірдеңе болып қалса, кім жауап береді? Сұмдық қой бұл деген.

Қауіпсіздік мәселесі тағы бар. Жедел жәрдем көлігі сағаттап өте алмаған кездер де болыпты. Көліктер жиі соқтығысады. «Сенсата Груп» компаниясы әу баста уәде етілген екінші кіреберіс жолды салып бастаған. Бірақ аяқ асты бұл жер телімінің «Қазақстрой» құрылыс компаниясының иелігінде екені белгілі болды.

Сапаржан БЕКМҰРАТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Өрт жағдайы болса, пожарный машиналар кіре алмайды. «Сенсата груп» компаниясы өз қаражатына тегін жол салып береміз деді. Олар өткенде бастап еді, екі аптаның ішінде жасап шығарамыз деді. «Қазақстройдың» адамдары келіп, жұмысты тоқтатып тастады, біз сатып алғанбыз деп. Біз түсінбейтініміз: бұл халықтың жүретін жолы ғой, оны неге сатып жіберген дейміз.

Халық наразылығын аудан әкімдігіне жеткізді. Жергілікті атқамінерлер мәселенің барын мойындап отыр. «Бірақ дәл қазір қолдан келер шара жоқ»,- дейді. «Бұл екі жекеменшік компаниялар арасындағы дау» деп кесті. Айтуларынша, сөз болып отырған жер телімі әу бастан «Қазақстрой» компаниясына тиесілі көрінеді.

Бұл учаскедегі жер Qazaq Stroy компаниясына тиесілі. Аталған аумақ жекеменшік болғандықтан, жол төсеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілмеді. Келесі аптада компания бұл мәселенің шешімін табуға тырысады.

Жандос ТӘКЕБАЕВ, НАУРЫЗБАЙ АУДАНЫ ЖОЛ ЖӘНЕ ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

2020 жылы бұл жер телімін «Qazaqstroy» компаниясы сатып алған болатын. Қазір екі жекеменшік құрылыс компаниялар өзара келісімге келмеді. Сондықтан осындай мәселе туындап отыр. Бірақ бұл аумақта болашақта Ұлықбек көшесін салу Бас жоспарда көрсетілген. Оған арналған жер телімін құрылыс компаниясынан қайтарып алатын боламыз.

Дегенмен Ұлықбек көшесінің жобалау жұмыстары келер жылы ғана басталмақ. Ал оған дейін жұрт әлі біраз қиналатын тәрізді.