Русский Сайттың толық нұсқасы

"Істі бұрмалап, жұмсартуға тырысуда": Марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары тергеудің әділ өтуін талап етуде

  • AstanaTV
  • 12 қараша 2023
  • 978

Өліміне экс-министр күдікті Салтанат Нүкенованың туыстары марқұмның жерлеу рәсімінен соң тергеу барысы туралы жеткізді. Олардың айтуынша, қылмыстық іс қозғалғалы бері бірнеше күннің ішінде үш тергеуші ауысып, желіде түрлі бұрмаланған ақпараттар тарап жатыр. Марқұмның жақындары әділдікті талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сурет марқұмның туыстарының жазбасынан

Туыстарының айтуынша, желіде тараған жалған ақпараттар мен түсініктемелер тергеудің белгісіз жағдайда, тыныш өтуіне әсер етуде.

"Олар жағдайды тыныштандырып, жұмсартуға тырыса ма деген қорқыныш бар. Қандай себептермен екені белгісіз іс ашылғаннан бері үш тергеуші ауысты. Бұл ретте ескі тергеушілер жаңаларының нөмірін де бермей, тіпті қоңырауларға да жауап бермейді. Қуандықтың ағасы оқиға орнында Салтанаттың еш қозғалыссыз жатқанын көргені туралы ақпарат тарапты. Осы кезде тек бір ғана сауал туындайды. Неге олар бірден жедел-жәрдем шақырмаған?”, – делінген желі жазбасында.

 Жақындары мұның аса қатыгездікпен жасалған қылмыс екеніне сенімді.

“Оның сау-тамтығы қалмаған. Бізде мәйіттің суреттері де бар. Егер көрсеңіз өте қатыгездікпен жасалған қылмыс екеніне күмәнданбас та едіңіз. Әпкеме жасалған зорлық-зомбылықты ақтауға тырыспауды және әділ тергеуді сұраймын”, – делінген жазбада.

Осы ретте марқұмның әпкесі де желіге жазба жариялап, жалған ақпарат таратқандарға ескертпе жазды.

"Біз Салтанатпен бала кезден бірге өстік. Ол ең сұлу, мейірімді, ақкөңіл, жақсы адам болатын. Небәрі өмірде жаңа белеске қадам басар 30 жасында біз оны жер қойнына тапсырдық. Әлеуметтiк желiлерде айыптап, талқылап келеңсiз пiкiр жазып жатқан, сәтті пайдаланып, пайдаға кенелгісі келіп отырған әр адамға, журналистерге айтарым өздерiңiздi біздің орнымызға қойып көріңіздер. Құдайдың алдында жауап беретіндеріңізді ұмытпаңыздар”, – деді Айнұр Нұркенова.

Марқұмның туыстары желідегі тараған түрлі ақпараттарға сенбеуге шақырды. Айтуынша, бұл күдіктіні ақтап, істі тезірек жабу үшін әдейі жасалауда. Қайғыдан қан жұтқан марқұмның туыстары, қазір еңсені көтеріп, тергеудің соңына дейін әділ өтуі үшін күреспек.