Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысының 85, Қазалы ауданының 95 жылдығы аталып өтілді

Биыл Қызылорда облысының 85 жылдығы бар сән-салтанатымен тойлануда. Осы мерейтоймен тұспа тұс келген Қазалы ауданының 95 жылдығы да ерекше өтті. Әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Ауданның дамуына үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды. Ал айтыскер ақындар ауданды жырға қосып, көрермендердің делебесін қоздырды.
Мерейтой қарсаңында аудан орталығынан «Отбасын қолдау орталығы» есігін айқара ашты. Мұнда қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, тұрғындарға қажетті бірнеше қызмет түрлері қарастырылған.

Әлия АЛМАХАНОВА, ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ішінде массаж бар. Түрлі-түрлі үйірмелер бар. аналарға да қызметтер бар. Жұмыссыз отырған біз сияқты, бала тәрбиесінде отырған аналарға да оқу мүмкіндігі бар, сертификат береді әртүрлі салада.
Спорт алаңы, жаңа үлгідегі саябақ пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапат төрінен көрінді.

Өмірхан СӘДЕНОВ, КҮРІШШІ:
Күріш егіп жүргеніме 7-8 жылдай уақыт болды. 52 гектар өніп егіп, 73-ден өнім бердім. Автокөлік мініп жатырмын, қуанышымда шек жоқ.
Шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет аймақ басшысының құттықтауын жеткізді. Аудандағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Мейрамбек ШЕРМАҒАНБЕТ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ауданнан 8 шет мемлекетке 627 тонна күріш, 296 тонна балық өнімі және 1158 тонна қамыс экспортталды. Ауданда 7 елді мекен газбен жабдықталып, халық игілігіне берілді.
Екі күнге жалғасқан мерейтой ақындар айтысына ұласты. Сонымен қатар, тұрғындарға ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.