Русский Сайттың толық нұсқасы

Актриса Хабиба Елебекова жүзде!

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2016
  • 3509

Нешеге келсе де ажарлы болып қалатын әйелдер бар. Дәлірегі - көздеріндегі сәуле сөнбеген. Биыл театр мен киноның  ғана емес, бүкіл қазақ өнерінің мәртебесіне айналған бекзат жан, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова 100-ге толады. Тоқсан жасына дейін театр сахнасынан түспеген әйгілі актриса соңғы 10 жылда үйінде. Әйгілі Жүсіпбек  Елебековтің жары, әншінің өзі салғандай әлі де -

«Ажары ашық екен атқан таңдай

Нұрлы екен екі көзі жаққан шамдай!»

Осы аптада театр әлемінің кәсіби мерекесінде  Хабиба Елебекованың ғасыр тойы да ерекше аталып өтті. Салтанатты кеште Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың ұжымы қарияны сахнаға алақандарына салып алып шықты. Әдемі ән қалықтап, көңілді қойылымдар көрсетіліп, әзиз актрисаның өмірі туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді. Қадір тұтатын Мағжан ақынның өлеңдерін әлі күнге дейін жатқа оқиды. Қасында жүрген артистердің айтуынша,  Хабиба әже Мағжан Жұмабаевтың 40-тан астам өлеңін жадында сақтаған.

Бейнеқыстырма: Хабиба Елебекова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

- Сүй, жансәулем, тағы да сүй, тағы да,

Жылы, тәтті у тарады қаныма,

Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,

Патша тағы, бүкіл  дүние малына.

Хабиба Елебекова 1916 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Томар ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Актриса әке ықпалымен орысша сауат ашып, 1934 жылы Қалибек Қуанышбаев пен Жүсіпбек Елебековтің көрегендігімен Қарқаралы округінің халық театрына қабылданады. 1935 жылы М.Әуезов атындағы қазақ драма театрына шақырылып,  жүзден аса әйел, ана образдарын сомдады.  Хабиба әже  93 жасында "Біржан сал" киносына түсіп,елді таң-тамаша қылды. Өнерде кәріліктің болмайтынын паш етті. Әкемтеатрда осы күнге дейін 100-ге келген артист болмапты. Актриса қазақ театры тарихында ғасырлық мерейтойын тойлап отырған алғашқы адам.

Асанәлі Әшімов, КСРО халық әртісі:

Менің өзімнің теориям бар – жақсы артист – образдар сомдаған, ұзақ жасайды. Сахнадағы өмірі, кәдімгі өз өмірі – осы екі өмір бір-біріне жәрдемдеседі.

Нүкетей Мышбаева, Қазақстанның халық әртісі:

Ол кісінің дастархан жасаған театрдағы рөлдерімен қоса ол кісі мынау үйіндегі дүниесін қатырып ұстайды. Шәй құйысы мысалға, дастархан жасауы. Ол кісі - бесаспап. Сондықтан ол кісінің дастраханынан Әуезов тәрізді ғұламалардан бастап көп, үлкен-үлкен Шәкен аға, солардың барлығы сол кісінің үйінде той болсын, бір жақсылық болсын үйінен шықпайды ғой.