Русский Сайттың толық нұсқасы

Tik Tok-та хит болған ассорти: үш түрлі тағамның рецепті

  • AstanaTV
  • 15 қараша 2023
  • 1221

Желіде долма, қуырдақ және гүл ханымнан құралған ассорти тағамы кеңінен танымал болуда. Осы орайда Диана Есенбекова хит болған тағамның рецептін ұсынамыз.

Көптеген Шығыс халықтарында еттен жасалған тағамдар кеңінен таралған.

Солардың бірі долма болса, енді бірі қазақтың ұлттық тағамы - қуырдақ. Бұған өзбек халқының сүйікті тағамы ханымды қосыңыз. Соңғы тағамның безендіру әдісін өзгертіп, оны гүл бейнесінде ұсынуды жөн көрдік. Сондықтан бүгінгі рецептіде бүгінде көпшілік арасында кеңінен танымал болған үш түрлі тағамнан ассорти жасайтын боламыз.

1. Долмаға қажет салманы дайындап аламыз. Алдымен жарты банка жүзім жапырақтарын алып, одан қажетіңізге қарай жапырақтарды алып, ыстық суға салып, дайындап аламыз. Сосын долманың салмасына кірісеміз. Ол үшін, пиязды турап, қызып тұрған табадағы майға саламыз. Кейін оның үстіне фарш пен күрішті салып, жақсылап қуырып аламыз. Дәміне қарай, тұз, бұрыш қосамыз. Сосын жарты кесе су құйып, 15 минут қайнатып, бұқтырып қоямыз.

2. Салманы жүзім жапырақтарына орап, дайындап аламыз. Дайын болған салманы, жүзім жапырақтарына орап, долманы дайындап аламыз. Ол үшін жүзім жапырақтарын бір-бірден жайып, ішіне салманы әдемілеп саламыз. Осылайша біздің бірінші тағамымыз дайын болады.

3. Қуырдақтың картобы мен сәбізін турап, қуырып аламыз Картопты қызартып қуырып алу.Картоп пен сәбізді аршып, ірілеу етіп турап, қызып тұрған майға қызартып қуырып аламыз. Ол үшін алдымен сұйық майды әбден қыздырып алғаныңыз абзал. Сонда көкөністер қызыл әрі қытырлақ болып шығады.

4. Сұйық майда етті қуырып аламыз. Сиыр немесе қой етін турап, қызып тұрған майда қуырып аламыз. Дәміне қарай қызыл, қара тұз, бұрыш қосамыз.

5. Ет дайын болған соң, үстіне картоп пен сәбізді, долманы саламыз. Ет пісіп қалған кезде алдымен үстіне картоп пен сәбізді саламыз. Сосын долмаларды жайғастырамыз. Сөйтіп баяу отта, піскенше қайнатып аламыз.

6. Гүл ханымның қамырын дайындаймыз. Ол үшін алдымен ханымның қамырын илеп аламыз. Ол үшін ыдысқа жылы су, бір жұмыртқа мен тұзды салып араластырамыз. Сосын үстінен ұн себеміз. Осылайша қамырды илеп, 15-20 минутқа тындырып аламыз.

7. Ханымның салмасын дайындаймыз.  Ханымның салмасын дайындау үшін, асқабақ, картоп, пияз бен сиыр етінен фаршты араластырамыз. Дәміне қарай тұз, бұрыш пен кориандр қосамыз.

8. Қамырды бөліп, ішіне салмасын салып, гүл ханымды дайындап аламыз. Қамырды алдымен жайып аламыз. Сосын алдымен төртке, сол төрт бөлігін тағы ұзын жолақшалар түрінде бөліп аламыз. Кейін әр жолақшаға сұйық май жағамыз. Ортасына салмасын салып, видеодағыдай орап шығамыз.

9. Ханымды пісіріп аламыз Ханымды пісіріп алу. Раушан тәрізді дайын ханымды мантаваркаға салып, пісіріп аламыз. Ол үшін мантаварканы алдымен сұйық маймен майлап алған дұрыс. Сонда ханым оған жабыспайтын болады.

10. Дайын болған тағамды табаққа салып, әдемі етіп дастарханға қоямыз. Барлық тағамдарды табаққа әдемілеп саламыз. Ол үшін, табақтың астына алдымен қуырдақты, сосын үстіне долма мен гүл ханымды әдемілеп саламыз. Үш түрлі тағамнан тұратын ассортиіміз, осылайша дайын болады.