Русский Сайттың толық нұсқасы

Вьетнамда су тасқынынан кейін мыңдаған үй су астында қалды

  • AstanaTV
  • 16 қараша 2023
  • 759

Туристер арасында танымал әрі дүниежүзілік мұра нысаны саналатын Вьетнамның ежелгі Хюэ қаласы сәрсенбі күні толассыз жауған жаңбыр салдарынан су астында қалып, мыңдаған үйді су басты, деп хабарлайды Астана телеарнасы CNA агенттігіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік БАҚ-та жарияланған суреттерден тұрғындардың су басқан көшелермен қайықпен жүріп, үйлер мен көліктердің жартылай су астында қалғанын көруге болады.

- Бүкіл қаланы су басып қалды, сейсенбі күнгі жаңбырдан бері су деңгейі өте тез көтеріліп жатыр, - деген қала тұрғыны электр қуатының өшірілгенін айтты.

Дүйсенбіден бері толассыз жауған жауыннан жағалаудағы бірнеше провинция тұрғындары да зардап шекті. Орталық провинциядан 2000-нан астам адам эвакуацияланды. Үш адам із-түзсіз жоғалған.

Вьетнамның солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын ұлттық тас жолдың кейбір учаскелері де су тасқынына байланысты жабылды.

Синоптиктердің болжауынша, су деңгейі тағы екі күн бойы жоғары болуы мүмкін.

Ресми статистикаға сәйкес, биыл Вьетнамда табиғи апаттар, соның ішінде су тасқыны мен көшкін 136 адамның өмірін қиды.

Ғалымдар климаттың өзгеруіне байланысты әлемде экстремалды ауа райы оқиғалары күшейіп бара жатқанын ескертті.