Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандықтарға 2,7 трлн теңгеден астам зейнетақы төленген

2024 жылдың қаңтар айынан бастап кәмелет жасқа толмаған балаларға ұлттық қордан қаржы бөлінеді. Президент заңға қол қойды. Әр баланың есепшотына түсетін қаражат қалай реттеледі? Осы және өзге де ақпараттар толығырақ "Экономика" топтамасында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл бастаманы Президент өз жолдауында ұсынған еді. Енді ол 2024 жылдың 1-ші қаңтарынан іске қосылады. Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа толмаған балалардың арнайы жинақтау шоттарына аударылады. Жиналған қаржыны бала оқуға немесе баспана алуға жұмсай алады.

 Қазақстан жыл басынан бері Германияға 690 мың тонна мұнай тасымалдады. Қараша айында тағы 100 мың тонна қара алтынды жеткізу жоспарланған. Шет елге экпортталатын мұнайдың басым бөлігі Ақтау портынан жіберіледі. Биыл дәл осы порттан 2 млн 800мың тонна мұнай жөнелтілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 54 процентке артық. Ақтаудан Баку портына 1 миллион 123 мың тонна, Махачкала портына 1 миллион 676 мың тонна мұнай жіберілді.

Жыл басынан бері қазақстандықтарға 2,7 трлн теңгеден астам зейнетақы төленген. Оның 845 млрд теңгесі базалық мөлшерлемеге, 1 трлн 910 млрды ынтымақты зейнетақыға жұмсалған. Елімізде 2 млн 320 мың зейнеткер бар. Ал жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 121 мың теңгеге жуықтайды.

Елімізде 100-ден астам әскери жойғыш ұшақ сатылымға шығарылды. Мұны кім көрінген сатып ала алмайды. Техниканың кілтипаны бар. Пайдаланылмайтын мүлік тізіміне енген МиГ-27, МиГ-29, МиГ-31 сынды 117 авиатехниканы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ел аумағында кесу әдісі арқылы жою шартымен cатылымға шығарған.

ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРЛІГІ:

Қойылған мүлік, өзінің техникалық жай-күйі мен пайдалану мерзімінің түрі, мақсаты бойынша ары қарай пайдалануға жарамсыз, сондай-ақ үшінші тұлғалардың пайдалануын болғызбау мақсатында кәдеге жарату (кесу және т.б.) жолымен жоюға жатады.

Доллар арзандап жатыр. Бүгін 2 теңгеге төмендеді. Елордадағы ақша айырбастау орындарында АҚШ валютасы 460-465 теңге аралығында саудалануда. Ал Алматыда көк қағаздың құны 463-466 теңге деп белгіленген.