Атырауда қараша айы басталғалы есірткі қылмысымен байланысты 8 дерек тіркелген. Қазір 8 күдіктіге қатысты қылмыстық істі тергеу жүріп жатыр.
Атырау облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Арсен Иманәлиевтың айтуынша, әлеуметтік желіде кейбір күдіктілердің жауапкершілікке тартылмағаны туралы ақпарат тараған.
«Қараша айы басталғалы Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері есірткі қылмысымен байланысты 8 құқық бұзушылықты анықтады. Қазір 8 күдіктіге қатысты қылмыстық іс тіркелді. Заң шеңберінде күдіктілер жауапкершілікке тартылады. Күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296 және 297-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп мәлім етті Арсен Иманәлиев.
Оның айтуына қарағанда, өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процесстік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда есірткі жасырып, сатумен айналысқан екі күдікті ұсталғанын жазған болатынбыз.
Есірткіні жасырумен, сатумен айналысқан екі күдікті ұсталды. Күдіктінің бірі – 18, екіншісі – 17 жаста. Полиция қызметкерлері ұсталған күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Күдіктінің бірі – 2005 жылғы жігіт ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес қамауға алынды.
Сондай-ақ, атыраулық тұрғыннан бекіре, атыс қаруы, марихуана тәркіленгенін хабарлаған едік.
Күдіктінің тұрғылықты мекен-жайын тексеру кезінде әсері жоғары 996 дана психотропты дәрілер, 29 дана бекіре тұқымдас балық түрі, ішкі істер органдарында тіркелмеген атыс қаруы мен полиэтилен пакетке салынған өткір иісі бар өсімдік тәркіленді. Сараптама қорытындысымен өсімдіктің кептірілген марихуана екені дәлелденді.