Русский Сайттың толық нұсқасы

Жасотандықтар «Ардагерлерді ардақтайық» жобасына белсене ат салысып жүр

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2016
  • 2486

"Нұр Отан" партиясынының Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты мүшелері "Ардагерлерді ардақтайық" жобасына белсене ат салысып келеді.

Бүгін олар Орал қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Нина Матиевскаяның үйіне бас сұқты. 84 жастағы қария қазір мұнда жалғыз өзі тұрады. Ол ұзақ жылдар бойы қаладағы тігін фабрикасында, кейін халыққа қызмет көрсету саласында қызмет еткен. Соңғы кездері денсаулығы сыр берген кейуананың қозғалысы нашарлаған. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын қарияның үйін тазартуға жастар бірден белсене кірісті.

Нина Матиевская, еңбек ардагері:

Жастарға дән ризамын! Менің үйімен олар осымен үшінші рет келіп отыр. Келген сайын үйімді мұнтаздай қылып тазалап берді. Оларға алғысым шексіз! Осындай саналы ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ата-аналарына нұр жаусын!

Қазір жасотандықтар жыл басынан бері Оралдағы осындай жүзге тарта қарияны өз қамқорлығына алған. Белсенді топ көмекке мұқтаж жандарды әлеуметтік қамсыздандыру органдары немесе ардагерлер ұйымынан анықтап, жалғызілікті жандарға өз еріктерімен көмектеседі. Бұл жұмыстарды әр апта сайын атқаратын жастар қамкөңіл қарияларға қол ұшын беруге әрқашан әзір екендерін айтады.

Жандос Сұңғатов, «Жас Отан» ЖҚ БҚО филиалының жобалар бойынша менеджері:

Ардагерлерге жылдың төрт мезгілінде де көмектесе береміз. Оларға барғанда олардың өткен өмірі туралы естіген бізге де қызық. Олар балаша қуанып, бізге ақ батасын беріп жатқанда өзіңді жақсы сезінесің. Сауабы мол іске әрқайсысымыз қатысуымыз керек деп ойлаймын.