Таразда Төле би көшесінде белгісіз көлік жүргізушісі жол жиегінде отырған 38 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Жаяу жүргінші алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды.
Полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен Жамбыл ауданының тұрғыны Toyota Alphard көлігінің 32 жастағы жүргізушісін ұстады.
«Соқтығыс тұманды жағдайда орын алғандықтан, жүргізушінің қатысуымен тергеу әрекеттері, соның ішінде тергеу эксперименті жүргізілуде. Тексеруден кейін оны қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қабылданады», - деді полиция бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.