Русский Сайттың толық нұсқасы

Тұрғын үйге кезекте тұрған 646 мың тұрғынның 232 мыңы шығарылады – министр

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2023
  • 793

Мәжілістің жалпы отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй кезегінен шығарылатын санаттар жайлы айтты.

«Ашықтықты қамтамасыз ету үшін Отбасы банкінің интернет-ресурсында тізімдер жарияланатын болады. Бұған қоса тоқсан сайын 1 рет инвентаризация жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес инвентаризация жұмыстарын әкімдіктер жылына бір рет жасайды. Қазіргі таңда біздің министрлік Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігімен бірлесіп кезекте тұрған азаматтарға заңнама талаптарына сәйкестігі бойынша талдау жасады», - деді Қанат Шарлапаев.

Оның айтуынша, алдын ала мәліметтерге сәйкес 646 мың кезекте тұрған азаматтан 232 мыңы кезектен шығарылады.

«96,1 мыңы – соңғы 5 жылда тұрғын үйлі болды, 533-і – ҚР азаматтығы жоқ, 91,4 мыңы – тіркеу орны (тіркелу) кезекте тұрған өңірмен сәйкес келмейді, 29 мыңы – тіркеуде жоқ, 15,6 мыңы – қайтыс болған. Бұл бұрын жергілікті атқарушы органдармен осы жұмыс тиімсіз түрде жүргізілгенін көрсетеді. Бүгінгі күні әкімдіктер бізбен бірге осы бағыттағы жұмыстарды бастап кетті. Биылдың 1 тамызынан осы күнге дейін 21 607 адам кезектен шығарылды», - деді Қанат Шарлапаев.

Министр сондай-ақ заң жобасымен азаматтардың кейбір санаттары үшін қолданыстағы жеңілдіктер мен басымдықтарды қайта қарау көзделген.

«Мәселен, қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтардың белгілі бір санаттарына мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы меншігіне тегін алу құқығы көзделген. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үй алу кезінде бірінші кезек құқығы көзделген. Бүгінгі күні кезекте 176 мыңға жуық бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығы бар азамат бар», - деді ол.