Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысында сәби бас миынсыз дүниеге келген

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2023
  • 952

Павлодар облысында нәресте бас миынсыз дүниеге келген.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық балалар ауруханасының хирургі Жандос Мусин мәлім етті.

«Биыл осындай ауыр жағдайлардың бірі кездесті. Ана сәбиді бас миынсыз туды. Оның салмағы 520 грамм болатын. Бұл ауру бала құрсақта жатқан кезде-ақ орын алған. Өкінішке орай, нәресте бақилық болды», – деді Жандос Мусин.

Спикердің мәліметінше, бұндай қауіпті аурулар көптеп кездеседі. Бүгінгі таңда неонатологиялық орталықта 19 нәресте реанимация бөлімінде жатыр. Оның біреуі аса ауыр жағдайда.

Балалар түрлі аурулармен туады. Мәселен, респираторлы дистресс синдромы - өкпенің жетілмеуі. Осындай балалар өздігінен дем ала алмайды және ұзақ уақыт бойы жасанды демалу аппаратының көмегімен дем алады. Кейде бұл процесс 1-2 айға созылуы мүмкін. Сондай-ақ, бас миының қан тамырларының жетілмеуі салдарынан ми ішіндегі қан кету пайда болады. Бұл күрделі сырқаттарға әкелуі мүмкін

«Бүгінгі таңда шала туылғандардың ішіндегі ең кішкентайы –530 грамм салмақтағы қыз бала. Қазір ол ауруханадан шығарылып, ақ халаттылардың бақылауында», – деді облыстық перинаталдық орталығының жаңа туған нәрестелердің реанимациясы бөлімінің реаниматологі Қарлығаш Райысова.

Сонымен қатар, облыста дене салмағы тым төмен нәрестелердің 70%-ы аман қалады. 34 аптаға дейінгі балалардың барлығы перинаталдық орталықта ем қабылдайды.

Айта кету керек, жыл басынан бері облыста 8369 бала дүниеге келді, олардың 544-і - шала туғандар. Оның ішінде 90 бала 1,5 келіге дейінгі салмақта туды.