Русский Сайттың толық нұсқасы

Маттео Ренци жеңілісін мойындап, отставкаға кететінін мәлімдеді

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2016
  • 3096

Италия премьер-министрі Маттео Ренци жеңілісін мойындап, отставкаға кететінін мәлімдеді. Елде өткен  референдум қорытындысы осыған әкеп соқтырды. Оған қатысушыларға жалғыз ғана сауал қойылған. "Италия конституциясының 47-шы бабын өзгертіп, Сенаттың өкілеттігін шектеу дұрыс па?" деген мәселені Апеннин түбегі тұрғындарының басым бөлігі жақтамады. Осылайша, елде парламентті таратудың қажеттігі болмай қалды. Маттео Ренци мен ол басқаратын демократиялық партия Конституцияға өзгеріс енгізу қажет екенін айтып, референдум өткізуге барынша құлшыныс танытқан еді. Бұған орай сайлаушылардаң 59%-ы қарсы дауыс берді. Жақтағандар тек  40% ғана. Қысқасы, енді сенаттың өкілеттігі бұрынғы күйінше қалатын болды. Бұл жағдайдан соң Италия премьер-министрінің отставкаға кетуден өзге амалы қалмады.

Маттео Ренци, Италия премьер-министрі:

Мен жеңілдім. Италия саясатында ешкім жеңбейді және ешкім жеңілмейді. Алайда мен жеңіске жете алмадым. Мұны мойындаймын.

Италия парламенті әлемдегі ең саны көп орган болып саналады. Қос палатасында 952 депутат бар. Барлығының құқықтары мен міндеті бірдей. Ал мұның жұмысқа едәуір теріс әсері бар. Талқылаулар әдетте ұзаққа созылып, аса қажетті заңдар көбіне қажетті дауысты жинай алмай жатады. Егер Ренци ұсынған реформа жүзеге асқанда, сенаторлар саны 315-тен 100-ге қысқарар еді.