Қазақстандық танымал актер әрі сазгер Рамазан Амантай ата-анасы туралы жан сырын ақтарып, олармен қарым-қатынасы қандай екенін айтты. Өнер иесі бүгінде әкесіне деген реніші бар екенін жасырмады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Рамазан Амантай "Динамен дұрыс" бағдарламасында анасы туралы айтып, көзіне жас алып қалды. Актердің анасы да өнерден алыс емес болып шықты. Роза Есбосынова Қарақат Әбілдина мен Айгүл Елшібаевамен бір топта оқыған екен. Алайда ол мансабын тастап, отбасын таңдаған.
"Анам туралы айтқанда көзіме еріксіз жас келеді. Керемет талант иесі бола тұра, отбасын таңдады. Балаларының өнерлі болғанын қалады. Карьера қумады. Арманынан біз үшін бас тартты. Мен бір-бірін шексіз сүйетін, құрметтейтін ата-ананың баласы болдым. Көріп келе жатқаным – тек әке-шешемнің бір-біріне деген ыстық махаббаты. Шешемнің көп қиындыққа төзгенін ойласам, жылап қаламын. Бұл көз жасы трагедия немесе әлсіздік емес. Анам көп нәрсеге көз жұмып, іштен тынды. Осы күнге дейін әттеген-ай, сахнаға шықпадым деп өкінген кезі жоқ. Іштен тынуы да мүмкін. Бір жағынан, сахнаға шықпауы әкемнің қарсылығынан ба деп ойлаймын. Әкем үй шаруасымен айналысып, бала тәрбиелейтін әйелді қалаған шығар. Мен актер боламын дегенде екеуі де қолдады, бірақ анам өнер жолын қуғанымда ерекше қуанды. Жалпы екеуіне де шексіз ризамын", - деді актер.
Сондай-ақ Рамазан Амантай әкесімен қарым-қатынасына да тоқтала кетті. Ол бүгінде асқар тауы әкесіне өкпе-назы бар екенін ашып айтты.
"Салмақ қосудың себебін психологтар ата-анаға реніш деп айтады. Анама ешқандай реніш жоқ. Бірақ әкеммен келіспей қалатыным рас. Ол кісінің өз әлемі, менің өз әлемім бар. Екеуміздің көзқарасымыз сәйкес келмейді. Ойымыз бір жерден шықпай қалып жатады. Кез келген мәселеде айтысып қалатынымыз рас. Қатты сөз айтып, ренжітіп аламын ба деп қорқамын. Сондықтан ештеңе айтқым келмейді. Ештеңені өзгертпей өз қалпында қабылдауға тырысып жүрмін, бірақ өте қиын. Әкеме өкпе-назым бар, оны жасырмаймын. Ол кісінің де маған деген реніші бар шығар. Бірақ менің әкем сияқты отбасының қасында бола алатын, баласына көңіл бөле алған еркектер аз шығар. Мен жігіт болып қалыптасып келе жатқан кезде мен ойлағандай кісіні көре алмағаннан шығар. Менің өкпе-назым содан басталған шығар. Бірақ мен әкеме жүз пайыз ризамын. Ол кісі бізді ер жеткенше алақанына аялап, ешкімнен кем қылмай өсірді. Қазір оның демалуға әбден құқығы бар", – деді Рамазан Амантай.