Батыс Қазақстан облысында қант диабетіне шалдыққан балаларды емдейтін эндокринолог жоқ. Өңірдегі жалғыз дәрігер өзіне жеке клиника ашып алыпты. Енді ата-аналар науқас баласын қайда апарарын, кімге емдетерін білмей, сергелдеңде жүр. Аналар аурухана мен емханада шұғыл көмек көрсетілмейтінін, шипажайға жолдама берілмейтінін де айтады. Өңірде дәрі-дәрмек тапшылығы аздай, электрнейромиография аппараты жоқ. Енді тұрғындар баласын басқа облыстарға апаруға мәжбүр. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында қант диабетіне шалдыққан 157 бала тіркелген.
Бақтылы ЕРЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Менің балам - 12 жаста. Қант диабетімен ауырады. Бізде облыстық балалар ауруханасында эндокринолог дәрігер жоқ. Уже 7-8 ай болды уәде бергендеріне. Помпамызды коррекция жасайтын тағы дәрігер жоқ. Помпа дейтін яғни инсулин жіберіп тұратын аппарат. Үп-үлкен Орал облысына бір эндокринолог табу керек қой енді.
Сала өкілдерінің айтуынша, өңірде балалар эндокринологы ғана емес, нейрохирург пен реаниматор да жетіспейді. Бүгінде 250 маманның орны бос екен.
Айнаш ҒҰБАЙДУЛЛИНА, БҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Эндрокринолог дәрігер шынымен де балалардың көпбейінді ауруханасында жоқ. Біздегі Лазовая Ирина Николаевнамен мен өзім сөйлестім және басқарма басшысы да сөйлесті. Ол отбасылық жағдайына байланысты келе алмайтынын білдірді. 157 науқасқа дәрі-дәрмек беріліп жатыр. Бітіп қалған жағдай жоқ. Келесі жылға да бітіп қалады деп ойламаймыз. Себебі нақты жоспарлау жүргізілді. Бұл мәселе биыл көтерілмейді деп ойлаймыз.