Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысында Сырдария өзені тасып, қорғаныс бөгетін жырып кетті

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2016
  • 5534

Қызылорда облысының Жалағаш ауданы аумағында Сырдарияның суы тасып, қорғаныс бөгетін жырып өтті. Топан су Ақсу ауылына жақындап қалған. Абырой болғанда, адамдар аман, мал да зардап шекпеді. Десе де екі мыңнан астам тұрғыны бар ауылда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жайы қарастырылып жатыр. Жалағаш ауданында бірнеше жерден қабылдау бекеттері ұйымдастырылған. Клубтар мен мектептерге адамдарды орналастыру жоспарланып отыр. Дабыл қағылса, тұрғындар көшуге дайын. Ал судың бөгетті жырып кету дерегі бойынша анықтау жұмыстары жүргізіледі.

Серік Қайыров, Ақсу ауылының тұрғыны:

Түнгі дежурствоға адамдарды қойды ауыл тұрғындарынан. Біз дайын отырамыз. Егер жаңағыдай аяқ астынан не болып қалса, бірден көлік те әкелетің шығар өздері. Былтыр көлікті әкеліп қойды ғой. Сосын баратын жерімізге-ағайынға, болмаса дайындап қойған жерге барып отырамыз. Қауіп сейілгенше.

Алтынбек Қалиев, Жалағаш ауданы төтенше жағдайлар бөлімі бастығының м.а.:

109 адам, 17 техника қатыстырылып, оқиға орны толықтай жойылды. Қазіргі таңда осы жерден екі жарым метр көлемінде қорғаныс дамбасы жырылып, содан су ағып, елді мекенге бір жарым шақырым жерде орналасқан Ақсу елді мекеніне қауіп төнді. Дер кезінде уақытылы тоқтатылып. Құзырлы органдарға құжаттар жолданды, қазір анықтау жұмыстарын жүргізеді.

Арал-Сырдария бассейні су шаруашылығы инспециясының мәліметіне сай, Сырдариядағы судың деңгейі жоғары. Шардара су қоймасынан төмен түсіп жатқан судың көлемі былтырғымен салыстырғанда 200 текше метрге артық. Яғни секундына 600 текше метрге жетіп отыр. Ауа райының құбылмалы болуы да жағдайды күрделендіре түскен. Жалпы, төтенше жағдай қызметі мамандарының мәліметінше, облыс аумағында  өзенге жақын орналасқан 30-дан астам учаскі қауіпті деп саналады. Осы бөгеттерге тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

Шарипа САҚТАПОВА