Русский Сайттың толық нұсқасы

«Алтын домбыра» иегері анықталды

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2016
  • 4135

«Жасампаз 25  жыл». Тәуелсіздік тойына орай Алматыда осындай атаумен  «Алтын домбыра» ақындар айтысы өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы қолдау көрсетті. Аламан айтысты тамашалауға партияның хатшысы Қаныбек Жұмашев арнайы келді. Бесінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі айтыс суырып салма ақындардың басын қосқан. Сөз сайысының бірінші кезеңіне 10 жұп қатысып, топ жарғандары "Алтын домбыра" иесі атануға күш салды. Олар елдің бүгінгі жетістіктері мен қоғамның түйткілді мәселелерін жырға қосты.

1991-дың таңы атып, Мен де жасап келемін қазағымның төрінде, Төрткүлді түгел шақырған, сексен бір әлем қарайды, Қазақ деген адымнан, Тұғырлы тәуелсіздігім, мен садағамын атыңнан.

Ерекше сөз саптауымен қазылардың назарын аударған ақын Мұхтар Ниязов «Алтын домбыраны» арқаға асып, 3 млн теңгені қанжығасына байлады. Сондай-ақ оған дүниежүзілік қысқы универсиада атынан 2 млн теңге табыс етілетін болды. Айта кетейік, Мұхтар ақын осы доданың ең алғашқы жеңімпазы атанған еді. Ал, бірінші орынға тігілген 2 млн теңге Болатбек Оразбаевқа бұйырды. Және оған Алматы қаласы әкімінің атынан 1 млн теңге сыйақы табысталды. 1 млн теңге жүлдесі бар екінші орынды Жансая Мусина иеленсе, үшінші орынды Серікзат Дүйсенғазин, Мейрамбек Сұлтанхан, Иранғайып Күзенбаев пен Өміржан Көпбосынов місе тұтты. Оларға 500 мың теңгеден сыйақы табысталды.

Жүрсін Ерман, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Тәуелсіздіктің бүкіл тарихын қозғап, ақындар сонау көктүріктердің, сақтардың, ғұндардың жұртында қалған  қазақ елінің осы жылдағы бүкіл күресі, кешегі желтоқсанның 30 жылдығы,  тәуелсіздіктің астанасы болған Алматының айшықты суретін тебірентіп жырлап, халықтың еңсесін  биіктетті. Әсіресе Ұлан  Қайназар, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай, Жансая Мусина халықтың айтысқа шөлдеп отырған сусынын қандырды ғой деп ойлаймын.